ТҮРКІСТАН: Төлеби ауданында инвестиция көлемі ұлғайып жатыр

0
133

2024 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 4,5 млрд теңгеге өскен.


ТҮРКІСТАН: Төлеби ауданында инвестиция көлемі ұлғайып жатыр

Төлебиде биыл жылына 90 мың дана жұмыс киімін дайындайтын тігін фабрикасы іске қосылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Төлеби ауданында жалпы өңірлік өнім көлемі 2025 жылдың 5 айында 53,1 млрд теңгеге жетті. Оның 57,2 пайызы - өнеркәсіп, 21,9 пайызы - ауыл шаруашылығы, 18,7 пайызы - сауда және 2,2 пайызы - құрылыс саласына тиеселі. Бұл туралы брифингте Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов мәлімдеді.


«Биыл қаңтар-мамыр айларында негізгі капиталға 13,1 млрд теңге инвестиция тартылып, 2024 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 4,5 млрд теңгеге өскен. Ал, өнеркәсіп өнімінің көлемі 30,4 млрд теңгеге жетті. Биыл өнеркәсіп саласына жалпы құны 6,5 млрд теңгені құрайтын 180 жаңа жұмыс орнымен 4 ірі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Атап айтқанда, Төңкеріс елді мекеніндегі Балдыберек өзенінің жанында қуаттылығы 3,2 мВт/сағ құрайтын «Тауэнерго» ЖШС-ң шағын ГЭС құрылысы және Сарқырама елді мекені Ақсу өзенінің жанында қуаттылығы 2 мВт/сағ құрайтын «Jasyl Quat» ЖШС-ң шағын ГЭС құрылысы. Сондай-ақ, Леңгір қаласында жылына 90 мың қысқы арнайы жұмыс киімдерін дайындайтын «KAZPLAST» ЖШС-ң тігін фабрикасы мен «З-Энергетик СНГ» ЖШС-ң шағын ГЭС құрылысы», - деді аудан басшысы.


Сонымен қатар, аймақта инвестициялық әлеуетті көтеру мақсатында Шымкент қаласымен шекаралас орналасқан Киелітас ауылдық округіндегі 100 гектар жерге индустриялды аймақ құру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ, Киелітас ауылдық округінен 14 гектар жерге шағын өндірістік парк салу жоспарлануда. Өндірістік паркте жалпы құны 20 млрд теңгені құрайтын 5 ірі инвестициялық жобаны іске асыру және 400 жаңа жұмыс орнын көзделген. «Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға» арналған тұжырымдамасы аясында 2025 жылдың 5 айында 2 476 жұмыс орны ашылған. Оның ішінде 676-сы тұрақты, 1800-і уақытша жұмыс орындары.


«Ауданда туризм саласында қызмет көрсететін 254 нысан бар. 2025 жылдың 5 айында ауданға 22 500 демалушы келген. 2025 жылы жалпы құны 4,2 млрд теңгені құрайтын 12 туристік нысанды іске қосып, 151 адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Аймақта 10 831 шағын және орта кәсіп иелері бар. Оларда 14 405 адам жұмыспен қамтылса, аталған салада 2025 жылдың 5 айында 41,3 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Бұдан бөлек, аймақта тұрғын үй кезегіндегі азаматтарды үймен қамту мақсатында алдағы 3 жылда 10 көпқабатты 520 пәтерлі тұрғын үй салу жоспарланған. Одан бөлек, 5 қабатты 156 пәтерлі 3 тұрғын үйдің құрылысы биыл аяқталатын болады. Ал, инфрақұрылыммен қамту бойынша ауданның 55 елді мекеннің тұрғындары 100 пайыз табиғи газбен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, 55 елдімекенге орталықтандырылған ауыз су құбыры жүргізілген. Аудандық маңызы бар 170 шақырым жолдың қанағатты жағдайдағы үлесі 95,6%-ға жетті», - деді аудан әкімі.

Бөлісу