Қосымша 120 адамға жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Түлкібас кентіндегі ұн комбинаты «Grain Trading Company» деген атаумен қайта іске қосылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Ауданымызға қарасты Түлкібас кентіндегі ұн комбинаты «Grain Trading Company» деген атаумен қайта іске қосылды. Қазіргі таңда ұн және кебек өнімін өндірумен айналысатын кәсіпорында 80 адам жұмыспен қамтылған. Қуаттылығы тәулігіне 250 тоннаны құрайды.
Ауданның даму жоспары аясында кәсіпорын келесі жылы өндірістің 2-ші желісін іске қосып, өнім көлемін тәулігіне 480 тоннаға арттыруды жоспарлауда. Бұл жұмыстар атқарылған жағдайда қосымша 120 адамға жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Аталған кәсіпорынға аудан әкімі Аскар Естібаев жауапты мамандармен арнайы барып, бүгінгі жағдайымен танысты. Кәсіпорынды толық аралап, мемлекет тарапынан қолдау қажет болған жағдайда Заң аясында қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Келесі кезекте, аудан басшысы Түлкібас кентіне қарасты қайта құрылымдауды қажет ететін «Түлкібас әк зауыты» ЖШС-де болып, жұмысымен танысты.
Ауданның келесі жылының басты даму жоспарына енгізілген әк зауытын қайта модернизациялау мақсатында қазіргі таңда қаржы ұйымдарынан жеңілдетілген несие алуға тиісті құжаттар аудан әкімдігінің сүйемелдеуімен дайындалуда.
Сонымен қоса аудан басшысы Кемербастау елді мекеніне қарасты алкогольсыз сусындар шығаратын «Beibars Bottlers» ЖШС-на арнайы барып, нысанды іске қосуға қажетті инфрақұрылыммен қамтылу мәселесін бақылады.
Қазіргі таңда шешімін таппай келген электр станциясының құрылысы толығымен аяқталған. Аудан әкімі жауаптылармен аталған электр станцияның басында болып, атқарылған жұмыстарға қадағалады.