ТҮРКІСТАН: «Turan» экономикалық аймағының әлеуеті артып келеді

0
240

Ерекше алаңның инвестициялық портфельінде қазіргі таңда 550 млрд. теңгені құрайтын 137 жоба бар.


ТҮРКІСТАН: «Turan» экономикалық аймағының әлеуеті артып келеді

«Turan» арнайы экономикалық аймағының өндірістік әлеуеті артып келеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


«TURAN» арнайы экономикалық аймағында бірқатар өнеркәсіп орындары өз жұмысын бастады. Түркістанды индустриялық және инвестициялық орталық ретінде дамытуға арналған ерекше алаңның инвестициялық портфельінде қазіргі таңда 550 млрд. теңгені құрайтын 137 жоба бар. Олар еліміздің өндірістік әлеуетін арттырып, аймақтық экономиканы әртараптандыруға ықпал етеді. Дәл осындай маңызды жобалардың бірқатары БАҚ өкілдеріне ұйымдастырылған пресс-тур аясында таныстырылды.


Ең алдымен журналистер «PSI Mineral Technologies» ЖШС – тау-кен-металлургия кешеніне арналған ауыр жабдықтар өндіретін зауытқа барды. Бұл жоба жалпы 8,33 млрд теңге көлемінде инвестиция тартқан. Жоба толық іске қосылғанда 200 адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Қазірдің өзінде зауыт құрылысына 95% жергілікті тұрғындар, яғни Түркістан облысының тұрғындары тартылған. Зауыт ғимаратынан өзге, мұнда асхана мен 120 жатын орны бар жұмысшыларға арналған жатақхана салынуда.


Баспасөз туры барысында журналистер «Алтын дала мақта» ЖШС – ПВХ құбырларын өндіру зауытымен танысты. 6,7 млрд теңге сомасында іске асырылып жатқан бұл жобаның болашақтағы өндірістік қуаты жоғары. Бүгінде зауыт тамшылатып суаруға арналған құбырларды шығаруда.


Пресс-тур аясында тілшілер қауымы «Түркістан мақта-агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС – мақта кластерін құру бойынша ірі жобаны аралап көрді.


Келер жылы жүзеге асатын жобаның құны 146,8 млрд теңгені құрайды. Толық циклді тоқыма фабрикасының құрамында жіп иіретін, мата шығаратын, бояп, өңдейтін 11 цех салынады. 2000-нан аса жаңа жұмыс орны ашылады. Жоспар бойынша жылына 13000 тонна иірілген жіп, үйге арналған 50 миллион метр тоқыма бұйымдарын, 7 миллион төсек-орын жиынтығын шығарады. Өндіріс орнының қуаттылығы жыл сайын артып отырады.


Мақта-тоқыма кластерін дамытуға бағытталған өндіріс орнының құрылысын Xinjiang Lihua Group Co., LTD компаниясы қолға алды. Компания әлемге танымал «Louis Vuitton», «Gucci» брендтерімен тікелей жұмыс істейді. Алдағы уақытта Түркістанда шығаратын жіптер мен маталарды әйгілі брендтерге сатуды көздеп отыр.


«TURAN» АЭА аясында жүзеге асырылып жатқан жобалар аймақтағы жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, өңірдің өндірістік әлеуетін арттыруда маңызды рөл атқарады. Бұл жобалар ел экономикасын әртараптандыру және инвестиция тарту бағытындағы тиімді қадам болып есептеледі.


Жалпы «TURAN» арнайы экономикалық аймағы 2018 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің №693 Қаулысына сәйкес құрылған. Аймақтың негізгі миссиясы – Түркістан қаласының экономикалық және инвестициялық әлеуетін арттыру, оны Түркі әлемінің рухани және іскерлік орталығына айналдыру. «TURAN» АЭА жалпы аумағы 3987 гектарды құрайды және 6 негізгі, қосалқы аймақтан тұрады.

Бөлісу