ТҮРКІСТАН: Улы газдың салдарынан бір адам көз жұмған

0
779

Мамандар қыс мезгілінде өрт қауіпсіздігін сақтауға шақырады.


ТҮРКІСТАН: Улы газдың салдарынан бір адам көз жұмған

Түркістан облысында биыл жылу беру кезеңінде газдан улану жағдайлары бойынша екі оқиға орын алған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Нұрболат Педен мәлімдеді.


Оның сөзінше, Бүгінде газдан улану жағдайларының негізгі себептері - тұрғын үйлердегі жылыту қазандығының түтін мұржасының бекітілуі және жылыту пештерінің ақаулығынан туындап жатыр.


«Газды үнемдеу мақсатында мұржаны жартылай бекіткеннен және мұржаның сыртқа толық шықпауынан келеңсіздіктер орын алуда. Түркістан облысында биыл жылу беру кезеңінде газдан улану жағдайлары бойынша екі оқиға орын алған болатын. Салдарынан 4 адам зардап шегіп, біреуі қайтыс болды. Үйлерді аралау барысында 42 256 өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылу фактілері анықталды. Оның ішінде автономды жылыту жүйелерінде - 5 615, электр жабдықтарында - 25 426, басқа да бұзушылықтар - 11 215. Қазіргі таңда тұрғын үйлерді қайта аралап, түзету жұмыстары жүргізілуде»,- деді Нұрболат Нұржанұлы.


Сонымен қатар, ҚР Төтенше жағдайлар және Ішкі істер министрлігінің бірлескен жоспарына сәйкес Түркістан облысында биыл 13-17 қараша аралығында қауіпсіз «Жатақхана» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткен. Нәтижесінде 287 қызметкердің қатысуымен 57 жатақхана мен 44 хостелге түсіндірме жұмыстары жүргізілген.


Сондай-ақ, брифингке қатысқан Түркістан облысы Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы Ахметжан Сыздықовтың айтуынша, аталмыш профилактикалық шараларға департамент тарапынан 63 қызметкер қатысып, түсіндірме жұмыстарына атсалысқан.