Биыл 19,8 млн доза вакцина егу жоспарланып, қазіргі таңда 15,2 млн доза вакцина бөлініп, аудан-қалалардағы уақытша сақтау қоймаларына жеткізілді.
Түркістан облысында ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралар жоспарға сай жүргізілуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысында ветеринария саласына тиісті қолдау көрсетіліп, жұмыстар күшейтілуде. Өңірде 10 аса қауіпті ауруға қарсы ауқымды ветеринарлық алдын алу шаралары жүргізілуде. Биыл 19,8 млн доза вакцина егу жоспарланып, қазіргі таңда 15,2 млн доза вакцина бөлініп, аудан-қалалардағы уақытша сақтау қоймаларына жеткізілді. Жалпы жоспардың 81 пайызы орындалды.
Аталған саладағы жұмыстар, орын алған кемшіліктер мен алдағы жоспарлар Түркістан облысы әкімінің төрағалығымен өткен апталық мәжілісте қаралды. Жиын барысында облыс әкімі Нұралхан Көшеров ауыл шаруашылығының маңызына тоқталып, ветеринария саласындағы жұмысты ширатуды тапсырды.
Түркістан облысының ветеринария басқармасының басшысы Ербұлан Жәнібеков ветеринариялық іс-шараларды өткізу барысы туралы баяндады. Оның айтуынша, жыл басынан бері диагностикалық іс-шаралар аясында 882,2 мың бас ірі қара малдардан, 4 124,6 мың бас уақ малдардан қан сынамаларын алу және ветеринариялық зертханаға жеткізу жоспарланған. Қазіргі таңда 558,4 мың бас ірі қарадан, 2 577,8 мың бас уақ малдардан қан сынамалары алынып, тексерілді. Нәтижесінде, 96 бас ірі қара мал мен 288 бас уақ малдар ауруға «оң» белгі көрсетіп, қолданыстағы заң талаптарына сәйкес, «оң» нәтижие көрсеткен малдар арнайы мал сою орында сойылып, санитарлық талаптарға сай өңделуде.
Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру үшін 2025 жылға қажетті құлақ жапсырмаларын сатып алуға жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, 418,0 мың дана ірі қараның, 11,1 мың дана түйенің және 2 237,3 мың дана ұсақ малдардың құлақ жапсырмалары алынды. Жыл басынан бүгінгі күнге дейін, 222,4 мың бас ірі қара, 1 402,0 мың бас ұсақ мал, 49,1 мың бас жылқы, 2 539 бас түйе бірдейлендіріліп, дерекқор базасына енгізілді.
Облыс көлемінде бірдейлендіруден өткізілмеген мал бастарын толық есепке алу мақсатында, 17 аудан, қала филиалдарынан бірдейлендіру іс-шараларын атқаратын мобильді топ құрылды. Мобильді топтардың зерделеу жұмыстары нәтижесінде, сырғалары түсіп қалған және мүлдем бірдейленбеген 58 609 бас МІҚ, 124 657 бас ұсақ мал, 19 919 бас жылқы және 31 833 бас түйе анықталды.
Одан бөлек, 2025 жылы қолданыстағы Заң талаптарына сәйкес, 5 000 бас қаңғыбас ит-мысықтарды вакцина егу, зарарсыздандыру жоспарланып, бүгінгі күні 2 121 (42%) бас қаңғыбас ит, мысықтарды уақытша ұстау, вакцина егу және зарарсыздандыру жұмыстары жүргізілді.
Биыл бұл іс-шараларға қажетті дәрі-дәрмектерді сатып алуға бюджеттен қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу өткізілді. Нәтижесінде, 63,3 тонна «Дизицип» сұйықтығы, 491,1 тонна «Дуэт» ұнтағы сатып алынды.
Сонымен қатар, бекітілген индикаторлық көрсеткіштерді орындау үшін аудан қала әкімдіктерімен үш жақты келісім жасалынып, 11 дана «Беккари» шұңқыры, 3 дана мал өлексе тастайтын орын, 14 дана мал шомылдыратын қауыз салу жоспарланған. Бүгінгі таңға 3 дана «Беккари» шұңқыры, 2 дана мал өлексе тастайтын орын және 1 дана ұсақ мал шомылдыратыни орын салынды.
Ветеринариялық ғимараттар мен нысандармен қамтамасыз ету мақсатында 2026-2027 жылдарға республикалық бюджеттен 5 461,5 млн теңге қаржы қаралуда. Нәтижесінде 6 дана вет станция, 154 вет бекет, 27 дана мал қорымдары салынады деп жоспарлануда. Қазіргі таңда облыс аумағында эпизоотиялық ахуал тұрақты.