Инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары да назарда тұр.
Жаңа оқу жылында Түркістан облысының мектептерінде 570 мыңға жуық оқушы білім алады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысы әкімі аппаратының апталық мәжілісінде 2026-2027 жаңа оқу жылына дайындық мәселесі талқыланды. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдеріне білім беру ұйымдарының толық дайындығын қамтамасыз етіп, барлық жұмысты белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
Облыстық білім басқармасының басшысы Ғалымжан Орыновтың айтуынша, биыл 1106 мектепте 554 776 оқушы білім алып, 67 636 педагог еңбек етті. Пайдалануға берілген 29 «Келешек мектебінің» толымдылығы 95 пайызға жетіп, жаңа білім ошақтарына 1 581 педагог пен 801 техникалық қызметкер жұмысқа қабылданған. Жаңа оқу жылында өңірдегі мектептерде 568 мыңнан астам оқушы білім алады. Оның ішінде 50 273 бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды. Қазіргі таңда 1-сыныпқа қабылдау жалғасып жатыр және құжаттар OQU ұлттық білім беру платформасы арқылы қабылдануда.
Білім сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар нәтижесін беруде. 2025-2026 оқу жылының қорытындысы бойынша облыстағы білім сапасының көрсеткіші 60 пайызға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 5,4 пайызға өсті.
Ұлттық бірыңғай тестілеуде өңірдің орташа көрсеткіші 62,4 балды құрап, республикалық орташа деңгейден жоғары болды. Жаңа оқу жылына дайындық аясында оқулықтар сатып алуға облыстық бюджеттен 7,1 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар әлеуметтік осал санаттағы 60 298 оқушыға мектепке қажетті құрал-жабдық алуға қаржы қарастырылған.
Инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары да назарда тұр. Білім беру ұйымдарын жылу маусымына дайындау, көмір мен сұйық отын қорын қалыптастыру, сондай-ақ 110 білім нысанын табиғи газға көшіру жоспарланған. Бұл жоба нәтижесінде жыл сайын шамамен 180 млн теңге бюджет қаражатын үнемдеу көзделіп отыр.
Мәжіліс қорытындысында облыс әкімі Нұралхан Көшеров жауапты тұлғаларға жаңа оқу жылының басталуына дейін барлық білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту, жөндеуден өткізу, білім саласында жасанды интеллект мүмкіндіктерін қолдану және мектептердің оқулықпен қамтылуын, әлеуметтік қолдау шараларын толық аяқтауды тапсырды. Сонымен бірге ұстаздардың біліктілігін көтеру, балабақшалардың жұмысын жүйелеу бағытында да тиісті тапсырмалар берілді.


