ТҮРКІСТАН: «Жаңа прогрессивті Конституция – бірлігіміздің тірегі» атты дөңгелек үстел өтті

0
109

Аталған іс-шараның басты мақсаты – жаңа Конституциялық реформалардың мәнін түсіндіру және қоғам өкілдерімен ашық пікір алмасу болды.


ТҮРКІСТАН: «Жаңа прогрессивті Конституция – бірлігіміздің тірегі» атты дөңгелек үстел өтті

Сарыағаш ауданындағы қалалық орталық кітапханада «Жаңа прогрессивті Конституция – бірлігіміздің тірегі» атты дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Көрші елмен шекаралас әрі халық көп шоғырланған Сарыағаш ауданындағы қалалық орталық кітапханасында «Жаңа прогрессивті Конституция – бірлігіміздің тірегі» атты дөңгелек үстел өтті. Енгізіліп жатқан өзгерістерді түсіндіруге арналған дөңгелек үстелге конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшелері, азаматтық қоғам мен ғылыми қауымдастық, заңгерлер мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Аталған іс-шараның басты мақсаты – жаңа Конституциялық реформалардың мәнін түсіндіру және қоғам өкілдерімен ашық пікір алмасу болды.


Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев модераторлық етті. Ол өз сөзінде Конституция мемлекеттің құқықтық, саяси және қоғамдық өмірінің негізі екенін атап өтіп, жаңа Конституциялық реформалардың басты мәні – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын нақты жүзеге асыру екенін жеткізді.


– Мемлекет басшысы жаңа Ата Заң жобасы қоғамдағы өзекті құндылықтар мен мемлекеттік саясат қағидаттарын айқындап қана қоймай, Қазақстанның одан әрі прогрессивті дамуына негіз қалайтынын айтты. Жаңа Конституция ережелері мемлекетіміздің институционалдық негізін трансформациялау үдерісі толығымен аяқталып, мүлде жаңа конституциялық үлгіге көшетінін көрсетеді. Жобаны әзірлеу мен талқылауға мыңдаған азаматтың белсене атсалысып, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сай келетінін және жаңа Конституцияның шынайы халықтық сипатын көрсетті, – деді Ертай Кенжебекұлы.


Дөңгелек үстел барысында Түркістан облысы қоғамдық кеңестің төрағасы, Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі Бәйділдә Жылқышиев жаңа Конституция жобасы қоғамдық талқылаудан өтіп, азаматтардың ұсыныстары негізінде әзірленгенін жеткізді. Ал облыстық адвокаттар алқасының төрағасы Қайрат Қамбаров құқық үстемдігі қағидатының күшейтілгенін, адам құқықтарын қорғау мен сот жүйесінің тәуелсіздігіне ерекше мән берілгенін атап өтсе, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры Бекжігіт Сердәлі жаңа Конституцияның ұлттық бірлік пен қоғамдық келісімді нығайтудағы маңызына тоқталды. Сонымен қатар Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Алмас Сәлімов құжатта жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға басымдық берілгенін атап өтті.


Жиын барысында жаңа Конституцияның институционалдық реформаларға негіз болатыны, мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайтатыны айтылды. Ашық пікір алмасу барысында ұсыныстар мен пікірлер ортаға салынды.


Мазмұнды форматта өткен дөңгелек үстел қорытындысында қатысушылар Жаңа прогрессивті Конституция ел бірлігі мен тұрақты дамудың берік іргетасы болатынына сенім білдірді.


Айта кетейік, биылғы 11 ақпанда ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың «2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдум өткізу туралы» №1170 Жарлығы жарияланды. Он екі отырыстың нәтижесінде жаңа Ата Заңның қорытынды жобасы әзірленді. Жаңа Конституция мәтіні азаматтар мен сарапшылардың былтыр қазан айынан бастап eGov және e-Otinish порталдарына жолдаған бастамалары негізінде әзірленіп, Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының жинақтаған тәсілдері де ескерілді. 1995 жылғы Конституция 9 бөлім 99 баптан тұрса, Жаңа Конституция жобасы 11 бөлім, 96 баптан тұрады.

Бөлісу