17 аудан-қалада 168 ірі сауда орталықтары қызмет көрсетеді.
Түркістан облысында жергілікті өнім өндірушілерге қолдау көрсету жолдары қаралды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының жергілікті өнім өндірушілерге қолдау көрсету, өнімге сұраныс қалыптастыру және кәсіпорындардың жүктемесін арттыру бойынша берген тапсырмасына сәйкес, облыс әкімінің орынбасарлары Нұрбол Тұрашбеков пен Бейсенбай Тәжібаев білім, медицина және кәсіпкерлік салаларының жетекшілерімен бірлескен мәжіліс өткізіп, шешу жолдарын талқылады.
Мәжіліс барысында «Түркістан әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның төрағасы Файзулла Байдуллаев баяндама жасап, тауар айналымындағы мәселелерге тоқталды.
Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Плаловтың мәлімдеуінше, өңірде көкөніс өңдейтін – 12, жеміс өңдейтін – 5, май өңдейтін – 9, ет өңдейтін – 33, сүт өңдейтін 35 кәсіпорын бар. Сонымен қатар түйе сүтін өңдеумен үш кәсіпорын айналысады. 17 аудан-қалада 168 ірі сауда орталықтары қызмет көрсетеді.
Нұрбол Тұрашбеков жетекшілік ететін тиісті сала басшыларының ұсыныстарын саралай келе тиісті тапсырмалар берді.
– Аудандардағы шаруашылықтар пен кәсіпорындарды аралау барысында кәсіпкерлер өнімдерін тасымалдауда, өткізуде кездесетін қиындықтар туралы жиі айтты. Біз облыста өндірілетін өнімдермен ең алдымен жергілікті қажеттілікті өтеуге күш салуымыз керек. Іске асыру тетіктерін заң аясында жүйелеп, шаруашылықтар мен қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындар арасында, кәсіпорындар мен ірі сауда орталықтары арасында байланыс түзудің нақты алгоритімін әзірлеуді тапсырамын, – деді ол.
Бейсенбай Тәжібаев білім беру ұйымдары мен медицина нысандарының күнделікті тұтынатын өнім қажеттілігін зерделеп, сала басшыларына жергілікті өнімге басымдық беретін мекемелердің қатарын көбейту бойынша жоспар түзуді жүктеді.
Мәжіліс қорытындысымен тапсырмалардың мерзімі белгіленіп, жауаптылар бекітілді.