Сапалы жол – тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлы өмірінің басты кепілі.
Жетісай ауданында жол жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Жетісай ауданында тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру, елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту және жол-көлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жоспарлардың жүйелі жүзеге асуының нәтижесінде соңғы жылдары аудан аумағындағы ішкі және ауданаралық автомобиль жолдарын жөндеу, көшелерге тас төсеу мен асфальттау жұмыстары қарқын алып келеді. Осыған орай аудан әкімі Серік Мамытов жол жөндеу жұмыстарының барысына арнайы бақылау жүргізді.
Аудан басшысы ең алдымен ішкі жолдарға төселетін және төселіп жатқан асфальттардың сапасына баса назар аудару қажеттігін, қолданылатын асфальттың құрамы мен қалыңдығы, жолдың ені мен ұзындығы талапқа сай болуы керектігін ескертіп, бұл бағыттағы жұмыстарға салғырт қарауға болмайтынын айтты. Себебі, сапалы жол – тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлы өмірінің басты кепілі.
Бақылау жұмыстары барысында аудан әкімі әлеуметтік желілерде жиі көтеріліп жүрген мәселелердің бірі – Жетісай қаласындағы Шәкәрім көшесінің орта жөндеу жұмыстарына дайындық барысымен танысты. Жалпы ұзындығы 830 метрді құрайтын көше бойындағы қызыл сызыққа заңсыз салынған нысандардың иелерімен және автотұрақ кәсібімен айналысып отырған азаматтармен тілдесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Мұнан соң аудан басшысы Жаңа ауыл ауылдық округіне қарасты Ынтымақ елді мекеніндегі жалпы ұзындығы 1 шақырымды құрайтын Көрікті көшесі мен ұзындығы 800 метр болатын Шойын көшесіне жүргізілген орта жөндеу жұмыстарының барысын көрді. Көліктер мен тұрғындардың қауіпсіздігі үшін қажетті жол белгілерін орнатуды тапсырды.
Елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту, халыққа қолайлы орта қалыптастыру, әсіресе, ішкі көшелерді жөндеу мәселелерінің кезең-кезеңімен жүзеге асырылуы – өз кезегінде тұрғындардың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне оң әсер етіп қана қоймай, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына да оң серпін беріп келеді.


