ТҮРКІСТАН: Жетісайлық кәсіпкер өнімін Ресей мен Белорусь еліне экспорттап жатыр

0
732

Жетісайлықтар бақша өнімінің көлемін 500 мың тоннадан асыруды көздеп отыр.


ТҮРКІСТАН: Жетісайлық кәсіпкер өнімін Ресей мен Белорусь еліне экспорттап жатыр

Жетісай ауданында жыл соңында бақша өнімдерінің көлемі 525 мың тоннаға жеткізілмек, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Биыл Жетісай аудандағы ауыл шаруашылығы дақылдары отырғызылған 79,3 мың гектар алқаптың 45,5 мың гектарына мақта, 19,6 мың гектарына бақша, 2,9 мың гектар жерге көкініс, 5 мың гектарға дәндік жүгері және 5,3 мың гектар жерге мал азықтық дақылдары егілген.


Бүгінде қарқынды түрде жүргізіліп жатқан бақша дақылдарынан өнім жинау науқаны басталғалы бері жиналған 24,5 мың тонна бақша өнімдерінің 11,9 мың тоннасын қарбыз, 12,5 мың тоннасын қауын құрап отыр. Бақша дақылдарының өнімдері ауданның ішкі нарығымен қатар шет елдерге де экспортталып жатыр.


Қызылқұм ауылдық округінің тұрғыны Шәкен Ілесұлы да соңғы 10 жылға жуық уақыттан бері жер еміп, диханшылықпен айналысып келеді. Биыл да жылдағы әдетпен ерте көктемде қауынның «Аэропорт» сортын егіп, өнімін жинауға кіріскен. Енді сұранысқа сәйкес, Ресей Федерациясының Мәскеу, Самара қалаларына, Белорусь еліне өнімін экспорттап жатыр.


«Биыл қауынымыз жылдағыдан сәл кештеу пісті. Қазір сұраныс та жаман емес. Ойдағыдай өнім алуда ағын судан қиыншылықтар болғанымен, тапшылық сезілмеді. Енді маңдай терімізбен өндірген өнімдерімізді Ресейге экспорттап жатырмыз. Ол жерде баға жақсы екен. Ешқандай делдалсыз өнімді егістік басынан өзіміз көліктерге тиеп беріп жатырмыз», - дейді дихан.


Өткен жылы 15,2 мың гектар алқапқа бақша дақылдары егіліп, 417,8 мың тонна өнім алынған Жетісай ауданында биыл 19,6 мың гектарға егілген бақша дақылдарынан 525 мың тонна өнім алу жоспарланып отыр. Қазір қауыннан гектарынан орта есеппен 281 центнерден, ал, қарбыздан гектарына орта есеппен 260 центнерден өнім алынуда.