Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев те қатысып, кешті тамашалады.
Түркістандағы «Конгресс Холл» көпсалалы кешенінде 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған концерт өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістандағы «Конгресс Холл» көпсалалы кешенінде 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған «Анаға құрмет» мерекелік іс-шарасы өтті. Салтанатты кешке облысымыз бен еліміздің дамуына үлес қосып жүрген ардақты әжелер мен ханымдар, көпбалалы «Батыр аналар» және түрлі салада жетістікке жетіп жүрген қыз-келіншектер қатысты. Аналарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған концертке облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев те қатысып, кешті тамашалады.
Бұл кеште Түркістан облысы мен республикамыздың танымал өнер ұжымдары мен эстрада жұлдыздары қатысқан коцерт «Arteast» би тобының «Көктемгі ояну» биі хореографиялық-сазды қойылымымен басталды. «Сарын» тобы «Анашым-ай» әнін орындаса, вокалды және би тобы «Ана» композициясын жұртшылық назарына ұсынды. Танымал аккардионшы Махмуд Урумбаев, «Қазына», «Фараб» би ансамблдері, Мөлдір Бақытжанқызы, «Бастау» тобы, Айзада Әлімбек және өзге де өнерпаздар Түркістан төрін ән мен күйге бөледі.
Жүрекке жылу сыйлап, гүл көктемнің шаттығын сезіндірген концертті ҚР Халық әртісі Роза Рымбаева түйіндеді. Түркістандағы оң өзгерістерді жоғары бағалаған әнші «Түркістан» әнін тебірене шырқап, барша қыз-келіншектерді, аналарды мерекемен құттықтады. Кеш соңында өнер жұлдыздарына облыс әкімінің ықылас гүлі тапсырылды.