Хакатонға 114 команда, 400-ге жуық қатысушы тіркелді.
Түркістанда облыс әкімдігінің қолдауымен, Қаржылық мониторинг агенттігінің Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің ұйымдастыруымен «Қаржылық қауіпсіздік: цифрландыру және жасанды интеллект дәуірінде» тақырыбындағы өңіраралық форум аясында екі кезеңнен тұратын AI Хакатонның жабылу рәсімі өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Іс-шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, жеңімпаздарды марапаттады. Сонымен бірге Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерболат Балғабаев та үздіктерді марапаттады.
Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауында айқындалған цифрлық трансформация басымдықтарын іске асыру, сондай-ақ Цифрландыру жылы аясында Мемлекет басшысының нақты тапсырмаларын орындау шеңберінде ұйымдастырылған AI Хакатонда командалар қаржылық қауіпсіздік саласындағы өзекті мәселелерге жасанды интеллект негізіндегі практикалық шешімдерін ұсынды.
Хакатонға 114 команда, 400-ге жуық қатысушы тіркелді. Қатысушылар қатарында Түркістан, Жамбыл, Қызылорда облыстары мен Шымкент қаласынан келген мектеп оқушылары, колледж студенттері және жоғары оқу орындарының білім алушылары бар. Сонымен қатар Астана және Алматы қалаларынан келген командалар іс-шараның республикалық деңгейдегі маңызын айқындай түсті. Қатысушылар бес негізгі бағыт бойынша жобаларын ұсынды. Олар: AI Digital Trace – Telegram платформасындағы заңсыз сатушыларды анықтау; Лудоманияға қарсы AI – ойын тәуелділігін ерте анықтау және алдын алу; Мемлекеттік сатып алуларды AI-талдау – манипуляциялық техникалық ерекшеліктерді айқындау; Заңсыз интернет-ресурстарды AI-мониторингтеу – онлайн-казино, қаржылық пирамидалар мен алаяқтық сайттарды анықтау; Open AI Challenge: Қаржылық қауіпсіздік – алаяқтық, көлеңкелі схемалар және қаржылық тәуекелдерге қарсы еркін бағыт.
Жеңімпаздарға қаржылай сыйлықтар тапсырылды. Салтанатты кеш барысында Астанадан арнайы келген «Музыкалық жас көрермен театры» өнер көрсетіп, маңызды іс-шараға қолдау білдірді.


