Қорды сақтау және қалдықсыз өнім өндіруді мақсат еткен өндірістік цех заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған.
Түркістанда жеміс жидектерді өңдеу цехы мен «Coursera» орталығы ашылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістанда «Қазақ тілі – ғылым тілі: дәстүр және инновация» симпозиумы аясында қос бірдей орталықтың лентасы қиылды. Соның алғашқысы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты «Ғылым қоры» акционерлік қоғамының қолдауымен «Жеміс жидектерді өңдеу өндірістік цехы» іске қосылды.
Салтанатты ашылуына ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев және университет ректоры Жанар Темірбекова қатысып, цехтың лентасын қиды.
Университеттің ботаникалық бағында орналасқан цех – «Инновациялық технологиялар негізінде биоресурстарды коммерциялық игеру арқылы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ ботаникалық бағының құнды генофондын сақтау» коммерцияландыру жобасы аясында ашылған. Қорды сақтау және қалдықсыз өнім өндіруді мақсат еткен өндірістік цех заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған. Осылайша жемістерді жуу, кесу, кептіру, сұрыптау, орау, сақтау сынды қызмет түрлері орындалады. 1 тəулікте 5-7 тонна өнім қабылдап, қайта өңдеуге мүмкіндігі бар.
Цех жұмысымен және ғалымдардың жобаларымен танысқан министр алдағы жұмысқа сәттілік тіледі Бұл өндірістік цехта қайта өңделген, табиғи кептірілген өнімдерді, оның ішінде кептірілген алма, алмұрт, өрік және тағы басқа өнімдерді Түркістан қаласына, әрі қарай еліміздің басқа да қалаларына жеткізу жоспарлануда.
Сонымен қатар оқу ордасының ғимаратында «COURSERA» орталығы ашылды. Оған министр мен ректордан бөлек. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының басшысы, Ұлттық құрылтай мүшесі Рауан Кенжеханұлы, сондай-ақ республиканың әр өңірінен жиналған ғалымдар мен оқытушылар қатысты.
Университет базасында ашылған жаңа орталықтың мақсаты – Түркістан облысы бойынша «Coursera» курстарын насихаттап, тарату арқылы әр түрлі сала мамандары үшін біліктілікті арттыру орталығына айналу. Бұл орталық Ахмет Ясауи университеті мен Қазақстандағы «Coursera» білім беру платформасының эксклюзивті серіктесі «BMG UpSkill» компаниясымен өзара ынтымақтастық келісімі негізінде құрылды. Қазіргі таңда орталықта 360 оқытушы әр сала бойынша, жалпы саны – 650 курсқа қатысып, біліктілігін арттыруда.
Айта кетейік, «Coursera» – әлемдегі ең танымал онлайн-оқыту платформасы. Онда 177 жоғары оқу орнының 11 мыңға жуық курстары жүктелген. Платформадан информатика ғылымдары, денсаулық сақтау, медицина және биология, қоғам, жүйе және ақпарат, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар, математика және санақ ғылымдары, экономика, қаржы және бизнес салаларындағы куртстарды табуға болады.