11 жыл бойы «Мырғалымсайда» кенші болып жұмыс істедім. Ондағы жұмыстар ауыр болды. Кейіннен организмімді тазалау үшін осы жолды таңдадым.
Мақаланы көшіріп басу редакцияның рұқсатымен іске асырылады.
ERNUR.KZ. Кентау қаласында кеудесіне тас қойып, балғамен ұрғызып сындыртатын, маңдайымен жаңғақ шағатын Жеңіс Берікқара деген қария тұрады. Әрдайым саламатты өмір салтын насихаттап жүретін Жәкең күнделікті турникке тартылып, жүгіруді әдетке айналдырған. Сондай-ақ, ол қала тұрғындарына ақындығымен және халық әндерін нақышына келтіре орындайтын серілік өнерімен де етене таныс.
- Жеңіс Қошанұлы, әлі де шпагатка отыра аласыз ба?
- Ия, отыра аламын. Көзімнің көруі нашарласада бұл жағынан ширақпын.
- Турникке қанша рет тартыласыз?
- Бұрын 24 рет тартылатынмын. Қазір аздау.
- Жасыңыз 74-ке келіпті. Күн сайын жаттығу жасау қиындық тудырмай ма?
- Жоқ. Күнде таңертең ерте тұрып, мұздай суға шомыламын. Жүгіре алмасам да арнайы аппарат арқылы дене бұлшық еттерін қиымылдатып, одан кейін қажетті жаттығуларымды жасап отырамын. Баспен тұрамын. Бұл инсультқа өте пайдалы.
- Аулаңыз жайқалып тұрады. Үйде гүлді кім өсіреді?
- Өзім. Барлығын өзім өсіремін. Ауламда гүлдердің түрлері көп. Ішінде канн, өркенді раушан, алляндра т.б. гүлдер бар.
- Үйіңізден музей ашыпсыз. Ішінде қандай заттар бар?
- Тән саулығы пен рухани жетілу - бұл адамның қос қанаты. Екеуі әрдайым бірге болуы керек. Сол мақсатта музей аштым. Оның ішінде экспонаттардан қол диірмен бар. Әлі күнге дейін жұмыс істейді. Ораза кезінде тарыны тартып аламыз. Одан бөлек атамнан қалған құман бар. Үлкен жиында «Маңмаңгер» әнін орындағанда құлагердің ауыздығын сыйға тартқан. Соны қойып қойдым. Одан бөлек кітаптарым бар.
- Кітап жазады екенсіз. Бүгінге дейін қанша кітабыңыз жарық көрді?
- «Аманат», «Салауаткер», «Қассақ» атты үш кітабым жарық көрді. Төрт жинаққа әңгімелерім мен өлеңдерім енді.
- Бұдан бөлек қандай өнеріңіз бар?
- Ән айтамын. Онда да тек халық әндерін және ұлы композиторлардың әндерін орындаймын. Қазір ән қоржынымда 250 ән бар.
- Қалалық соғыс және еңбек ардагерлері хорына қосылғаныңызға қанша жыл болды?
– Мен бұл ортада жанға рахат табамын. Мұнда пікірлес, сыйлас адамдар көп. Хорда көпшілікпен бірге және жеке дауыспен халық әндерін айтамын. 35 жылдан бері сол хордың мүшесімін.
- Салауатты өмір салтын ұстануды қай кезден бастап қолға алдыңыз?
– Мен 11 жыл бойы «Мырғалымсайда» кенші болып жұмыс істедім. Ондағы жұмыстар ауыр болды. Кейіннен ағзамды тазалау үшін спортпен шұғылдануым, саламатты өмір салтын ұстануым қажеттігін түсініп, осы жолды таңдадым. Қазір таңертең ерте тұрып төрт-бес шақырым жүгіріп келіп, дене жаттығуларын жасаймын. Өз бастамаммен «Сегіз сері» деген клуб аштым. Оның мүшелерінің көпшілігі зейнет жасындағы жандар. Арасында жастар да бар. Бекзат Саттарханов атындағы балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде аптасына үш күн жиналып, әртүрлі жаттығулармен шынығып тұрамыз. Бірақ мен қазір барып жүрген жоқпын. Көзім нашар көретіндіктен мені ары-бері алып жүретін бір адам қажет. Ал, балаларым жұмыста. Сондықтан қазір кішкене қол үзіп қалдым.
- Қолөнермен де айналысады екенсіз, әрі қоғамға пайда келтірер игі істеріңіз көп екен.
- Осыдан бір екі жыл бұрын өзім өсірген түрлі табиғи гүлдер мен үйіндегі кітаптардың барлығын жинап мәдениет сарайы мен орталық кітапханаға өткіздім. Олардың ішінде «Абай жолы», «Сырым батыр», «Манас» эпосы, «Батырлар жыры», Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Тахауи Ахтанов, Әнуар Әлімжанов, Бауыржан Момышұлы, Әзілхан Нұршайықов секілді ақын-жазушылардың кітаптары мен спорт, медицина тақырыбындағы өте сирек кездесетін бағалы еңбектер бар.
Бұдан бөлек, қарапайым құрылыс материалдарынан түрлі композициялар жасаумен айналыстым. Мәселен, Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткен жылдары ескерткіш балбалтасты құрастырдым. Ұлы Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында майдангерлердің ерлігін бейнелейтін композиция жасадым. Одан бөлек жастармен жиі кездесіп салауатты өмір салтына шақырып, тәриелеп отырамын.
- Тағылымды әңгімеңізге рахмет. Деніңізге саулық тілейміз! Жас ұрпақ өнеге алар Сіздей ақсақалдарымыз аман болсын!