Түркістандық ауыр атлетшілер ел чемпионатында 5 медаль олжалады

0
150

200-ден астам спортшы 16 салмақ дәрежесінде бақ сынады.


 Түркістандық ауыр атлетшілер ел чемпионатында 5 медаль олжалады

Шымкент қаласында Ауыр атлетикадан жеке жаттығулар бойынша 23 жасқа дейінгі жастар арасындағы ҚР жеке-командалық чемпионаты өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Чемпионатқа Түркістан облысынан 10 спортшы қатысып, соның 5-еуі жеңіс тұғырынан көрінді. Атап айтқанда, ерлер арасындағы 60 келі салмақ дәрежесінде Алишер Тұрғанбай жұлқа көтеруден 119 келі, серпе көтеруден 141 келіні бағындырып, чемпион атанды. Нәтижесінде Халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын сәтті қорғап шықты. Сондай-ақ 71 келі салмақ дәрежесінде Нұрасыл Арапбай жұлқа көтеруден 129 келі, серпе көтеруден 160 келіні бағындырып, жалпы салмақ 289-ді құрап, чемпион атанды. Дәл осы салмақта Дәулет Алпысбай жұлқа көтеруден 125 келі, серпе көтеруден 150 келіні бағындырып, қоссайыс қорытындысы бойынша 275 келі зілтемірді көтеріп, III орынға ие болды. Одан өзге, 79 келі салмақта Бекназар Құлназаров жұлқа көтеруден 127 келі, серпе көтеруден 156 келіні бағындырып, жалпы салмақ 283-ті құрап, ол да ел чемпионы атанды. Қыздар арасында Кәусар Өмірзақ 53 келі салмақ дәрежесінде серпе көтеруден 70 келіні бағындырып, III орынды еншіледі.


Жалпы, бұл додаға еліміздің барлық өңірлерінен 200-ден астам спортшы 16 салмақ дәрежесінде бақ сынаған болатын. Нәтижесінде, командалық есепте Түркістан 6-орынды еншіледі.


Төзім мен тәртіпті талап ететін спорт түрімен бүгінде Түркістан облысында 200-ге жуық бала шұғылдануда. Ал аталған чемпионат – ұлттық құрама резервін анықтап, алдағы халықаралық және әлемдік сайыстарда ел намысын қорғауына мүмкіндік береді.

Бөлісу