Түркістандық боксшылар ел чемпионатында жеңіске жетті

0
197

«Түркістан кәсіпқой бокс клубы» мен облыстық №5 олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірттері.


Түркістандық боксшылар ел чемпионатында жеңіске жетті

Қарағандыда ерлер мен әйелдер арасында ел чемпионаты аяқталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бокстан Қарағандыда ерлер мен әйелдер арасында ел чемпионаты аяқталды. Бокс бәсекесіне республиканың барлық қалалары мен облыстарынан 400-ге жуық таңдаулы былғары қолғап шебері қатысып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерін анықтады.


Бұл ел біріншілігінде Тайландта өткен Азия чемпионатына қатысқан ұлттық құрама мүшелерінің басым бөлігі бой көрсетпеді. Тартысқа толы өткен ел біріншілігінің жетістіктерін тізбектеп өтейік. Шаршы алаңдағы тартысты жекпе-жектер нәтижесінде Нүркен Аңдасов пен Мырзағали Айтжанов баптайтын Түркістан облысының құрамасы жоғары дәрежеде өнер көрсетті. Қоржында 2 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль бар.


Нақтырақ айтып өтсек, жастар құрамасынан ересектерге ауысып, алғашқы чемпионатын өткізген Төрехан Сабырхан 67 келіде қолғап түйістіріп, финалдық бәсекеде маңғыстаулық Санатәлі Төлтаевқа қарсы жекпе-жек өткізетін болған. Алайда Санатәлінің денсаулық жағдайына байланысты жеңіс Төрехан Сабырханға бұйырып, түркістандық боксшы ел чемпионы атанды. Сондай-ақ аса ауыр салмақта (+92) ағайынды түркістандық боксшылар Нұрлан, Даниал Сапарбайлар ақтық сынға шығып, інісі ағасына жол беріп, Нұрлан жеңімпаз деп танылды.


Қоса кетейік, 48 келіде өңір намысын қорғаған Нұрғиса Туракулов пен 71 келідегі жерлесіміз Аман Қонысбеков қола медальді қанағат етті. Осылайша ерлер арасында облыс құрамасы жалпы 5 медаль қанжығалап, жалпыкомандалық 1-орынды иеленді.


Ал әйелдер арасындағы сайыста облыс намысын қорғаған бұрымдылар да бірқатар жүлделермен өңір мерейін асқақтатты. Бұл сында жерлестеріміз 1 алтын, 3 қола жүлдеге қол жеткізді. 63 келіде жұдырықтасқан түркістандық Аружан Жанабаева күміс медальды мойнына ілсе, үш бірдей аруымыз қола медаль еншіледі. Атап айтқанда, 66 келіде Гауһар Шайбекова, 70 келіде Айда Сарибарова және 81 келіде Шұғыла Нәлібай сынды таланттар бар.


Ел чемпионатында өңір мерейін асқақтатқан спортшылар «Түркістан кәсіпқой бокс клубы» мен облыстық №5 олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірттері.

Бөлісу