Тараптар инвестициялық жобаларды іске асыру, өңіраралық байланыстарды нығайту мәселелерін талқылады.
Түркістан облысының делегациясы Қытайдың Вэньчжоу қаласындағы ірі компаниялардың жұмысымен танысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары барысында Вэньчжоу қаласының мэрі Чжан Вэньцземен кездесіп, келіссөздер жүргізді. Тараптар инвестициялық жобаларды іске асыру, өңіраралық байланыстарды нығайту мәселелерін талқылады.
Кездесу барысында облыс әкімінің орынбасары Түркістан облысының инвестициялық әлеуетіне тоқталып, ынтымақтастық орнатуға шақырды.
– Түркістан облысы Қытай Халық Республикасының Шэньси, Хубэй және Хэйлунцзян провинцияларымен бауырластық қарым-қатынас орнатқан. Бүгінде Қазақстан экономикасына тартылған инвестиция бойынша Қытай ТОП–5 инвестор елдерінің қатарына кіреді. Былтыр Қытай мен Түркістан облысы арасындағы өзара тауар айналымы 296 млн. АҚШ долларын құрады. Өңіріміздің негізгі инвестициялық алаңдары жалпы аумағы 2397 гектар болатын 20 индустриялық аймақ және жалпы аумағы 4 мың гектарды құрайтын «Turan» арнайы экономикалық аймағынан құрылған. Инвесторларға дайын инфрақұрылымы бар жер учаскесі және дайын өндіріс алаңдары ұсынылады. Сонымен қатар жаңа өндірістік жобаларды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін «Шағын өнеркәсіптік парктер» салынған, – деді Талғат Қозбеков.
Келіссөздер нәтижесінде Түркістан облысының өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасы мен Вэньчжоу қаласының Сауда басқармасы арасында «Қазақстан–Қытай (Вэньчжоу) Индустриялық аймағы» жобасын іске асыруды қолдауға бағытталған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Іссапар барысында Түркістан облысының делегациясы ірі кәсіпорындарды аралап жұмысымен танысты. Олардың қатарында «ақылды» электрмен жабдықтау, жасыл энергетика және төмен көміртекті технологиялар бағытында жобаларды жүзеге асыратын жетекші компания, электротехникалық жабдықтардың ірі өндірушісі, өндірістік тізбектерді және логистиканы басқаруға маманданған компаниялар бар. Сондай-ақ, делегация аралас және мақта иірімжібін және серпімді маталар өндіретін ірі компанияларды аралап көрді. Джинсы маталарын өндіретін компания «Түркістан» арнайы экономикалық аймағында зауыт салуды жоспарлап отыр.
Вэньчжоу ежелден Ұлы Жібек жолының теңіз бағытына жақын орналасқан маңызды портты орталық ретінде танымал. Сонымен қатар Вэньчжоу – Қытайдағы жеңіл өнеркәсіптің, әсіресе, аяқ киім, тоқыма және электр жабдықтары өндірісінің жетекші орталықтарының бірі.
Бұл сапар Түркістан облысы мен Вэньчжоу қаласының кәсіпорындары арасындағы экономикалық ынтымақтастықты нығайтып, өңірге инвестиция тартудың жаңа мүмкіндіктерін ашпақ.