Түркістандық делегаттар партия жұмысын модернизациялауға қолдау білдірді

0
850

Жұмысты жандандыратын 7 басымдық аталды.


Түркістандық делегаттар партия жұмысын модернизациялауға қолдау білдірді

Түркістандық делегаттар партияны модернизациялау бағытындағы бастамаларға қолдау білдірді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бүгін «Nur Otan» партиясының кезектен тыс 22-ші съезі онлайн форматта өтті. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен 393 делегат, Түркістан облысынан 25 делегат қатысты. Съезде партияның Саяси кеңесінің құрамына өзгерістер енгізіліп, «Nur Otan» партиясын модернизациялау бағытындағы жоспар ұсынылды.


Партияның атқарушы хатшысы Асхат Оралов саяси ұйымның жұмысын жандандыратын 7 басымдықты атап өтті. Олар: Халықпен қарым-қатынаста кері байланыс эффективтілігін арттыру; Жергілікті жердегі партия өкілдіктерінің беделін көтеру; Партия жұмысында ашықтықты қамтамасыз ету; Партиялық бақылауды арттыру; Партия берген уәделерінің нақты іске асуы; Қоғамның әр саласымен байланыс орната білу; «Jas Otan» жастар қанатын қайта жаңғырту.


Парламент Мәжілісіндегі «Nur Otan» партиясы фракциясының төрағасы Ерлан Қошанов партия атауын «Аманат» деп өзгерту туралы ұсыныс білдірді. Мемлекет басшысы, Партия Төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бұл ұсынысқа қолдау білдірді, партияның жаңа атауын съезд делегаттары да бірауыздан қолдады. Жиында партияның Жарғысына тиісті өзгерістер енгізіліп, жаңа атауы мен белгісі бекітілді.


«Біз «Жаңа Қазақстанды» құруға кірістік. Бұл – өте ауқымды міндет. Партия барлық реформаға ұйытқы болуға тиіс. Ол үшін өзгерісті алдымен өзімізден бастауымыз керек. Сондықтан бүгінгі күн тәртібіндегі негізгі мәселе – партияны жаңғырту. Заман, қоғам, адам өзгеріп жатқанда, партияның өзгеруі – заңдылық. Саяси ұйымның атауын «Аманат» деп өзгерту ұсынылды. Бірнеше ұсыныс болды, соның ішінен Аманат деген атауға тоқтадық. Бұл – еліміз үшін де, ұлтымыз үшін де айрықша мәні бар киелі ұғым. Егемендігіміз, елдігіміз бен бірлігіміз, кең байтақ жеріміз – бізге бабалардан жеткен аманат. Осы қастерлі құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтап, болашаққа мирас етуіміз керек. Мемлекеттілік дәстүр жалғастығы, ұрпақ сабақтастығы дегеніміз – міне осы. Халқымыз ешқашан аманатқа қиянат жасамаған. Партия бұл қағидатты берік ұстанады», – деген Қасым-Жомарт Тоқаев партия жұмысын жүйелеу бағытында бірқатар тапсырма берді.


Түркістандық делегаттар съезде қабылданған шешімдерді қолдайтындарын, тапсырмаларды орындау бағытындағы жұмысты күшейтетіндерін жеткізді.