8 шақырым жағалауды 100-ден астам адам тазалады.
Еріктілер Жетісайда экосенбілік ұйымдастырды, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысы Жетісай аудандық ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі, Түркістан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі басқармасы балық шаруашылығы бөлімінің ұйымдастыруымен Шардара су қоймасының Жетісай аумағы жағалауында «Бірге – таза Қазақстан» атты тазалық акциясы ұйымдастырылды.
Туған өлкенің табиғатына жанашырлық танытып, тазалық жұмыстарына атсалысу шарасына Сырдария өзенін жағалай орналасқан ауылдық округтер мен ауданның ерікті жастарынан 100-ден астам адам қатысты.
Абай ауылдық округінің Жүзімдік елді мекенінен бастау алған экосенбілікте еріктілер жазғы мезгілде жағалауда демалыс өткізіп, бей-берекет тастаған тұрмыстық қалдықтарын тазалады.
Айта кету керек, егіншілікпен айналысатын ауыл тұрғындары сырдың бойын сасыған қоқыс алаңына айналдырып, қатты тұрмыстық қалдықтармен қатар егістік алқаптардан шығарылған полиэтилен қалдықтарын да тастауды әдетке айналдырған.
«Тазалықтың сақталуы – тек табиғатты аялау ғана емес, адамзат пен жан-жануарлардың саулығын сақтауда да үлкен рөл атқарады. Таза ортада тұратын адамдар ауру-сырқауға оңайлықпен бой бере қоймайды», - дейді Жетісай аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысы Мұхтар Бейсенбаев.
8 шақырым жағалауды жаяу жүріп тазалап өткен жетісайлық еріктілер экосенбілікті тұрақты түрде жүргізіп отыруды жоспарлап отыр.