Түркістандық спортшылар ауыл жасөспірімдерінің V жазғы ойындарында топ жарды

0
73

Ақтөбе қаласында 14-23 қыркүйек күндері ауыл жасөспірімдерінің республикалық V жазғы ойындары өтті.


Түркістандық спортшылар ауыл жасөспірімдерінің V жазғы ойындарында топ жарды

ERNUR.KZ. Түркістан облысының құрамасы жоғары нәтиже көрсетіп, жалпыкомандалық есепте І орынға ие болды. Байрақты бәсекеде облыс намысын 120 жас спортшы қорғады. Жарыс бағдарламасына футзал, волейбол, баскетбол, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, дзюдо, грек-рим күресі, қазақ күресі, асық ату, бес асық және еркін күрес түрлері енгізілді.

Жарыс барысында түркістандық спортшылар бірнеше спорт түрінен үздік нәтиже көрсетіп, алтын медальдарға қол жеткізді. Атап айтқанда, баскетболдан қыздар құрамасы, үстел теннисі, қазақ күресі және еркін күрес бойынша өңір спортшылары І орын иеленді. Сондай-ақ, волейболдан қыздар құрамасы ІІ орынға тұрақтаса, баскетболдан ұлдар құрамасы мен асық ату спортшылары ІІІ орын алды.
Жарыстың қорытындысы бойынша Түркістан облысының құрамасы 223 ұпай жинап, жалпыкомандалық есепте жеңімпаз атанды. Ал 219 ұпаймен Ақтөбе облысы екінші орынға жайғасса, 203,5 ұпай жинаған Алматы облысы үздік үштікті түйіндеді. Осылайша Түркістан облысының жас спортшылары республикалық додада жоғары дайындық деңгейі мен шеберлігін дәлелдеп, өңір мерейін үстем етті. Бұл жетістік ауыл жастары арасында бұқаралық спортты дамытуға және жас спортшылардың әлеуетін арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесін көрсетеді.