​Асүйге ең ЫҢҒАЙЛЫ әрі ҚАУІПСІЗ тақтайды қалай таңдаймыз?

0
211

Тақтаның көлемі асүйдің кеңдігіне және сіздің тамақ дайындау әдетіңізге байланысты.


​Асүйге ең ЫҢҒАЙЛЫ әрі ҚАУІПСІЗ тақтайды қалай таңдаймыз?

Сурет: ЖИ

Кез келген асүйдегі ең маңызды құралдардың бірі – тағам турау тақтасы. Ол тамақ дайындау процесін жеңілдетеді.

Асүй тақталарын дұрыс пайдаланбаудан тамақтан улану және қауіпті инфекциялардың таралуы жиі орын алады. Айқас контаминацияның да бірден бір себебі – ортақ тақтай қолдану. Бұл дегеніміз – зиянды микроорганизмдердің (бактериялар мен вирустардың) бір беттен механикалық жолмен екінші бетке, көбінесе шикі өнімдерден дайын немесе шикілей желінетін тағамдарға (салат, нан, жемістер) ауысу процесі. АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының мәліметі бойынша, тамақтан улану оқиғаларының елеулі бөлігі үйде тамақ дайындау кезіндегі гигиеналық қателіктерден, соның ішінде шикі ет пен көкөністерге бір тақтайды пайдаланудан болады.

Зерттеулер көрсеткендей, шикі тауық етінен кейін жуылмаған немесе нашар жуылған тақтада сальмонелла және кампилобактерия бактериялары бірнеше сағат бойы белсенді сақталып, кейін туралған өнімге бірден жұғады.

Тақтайға пышақтан түскен терең сызаттар бактериялар үшін тамаша баспанаға айналады. Әсіресе пластик тақталардағы пышақ ізінің ішіне кіріп кеткен бактерияларды қарапайым ыдыс жуғыш сұйықтықпен толық жою өте қиын.

Дұрыс қолданылмаған асүй тақтасы арқылы таралатын негізгі инфекциялар: сальмонеллез, ішек таяқшасы, кампилобактериоз. Олар гепатит пен бактериалды диареяның жиі себепшісі. Әсіресе шикі құс етін тураған тақтадан басқа өнімдерге тез жуғады.

Асүйге тақтай аларда түрлі-түсті, әртүрлі материалдан жасалғандарын көріп, қайсын аларыңды білмей басың қатуы мүмкін. Негізгі назар аудару керек нәрсе – жасалған материалы. Әр материалдың өзіндік ерекшелігі, артықшылығы мен кемшілігі бар.


Ағаш тақтайлар

Ағаш – бұрыннан келе жатқан, ең көп қолданылатын классикалық материал. Ол пышақтың жүзін қайырмайды және табиғи антибактериалды қасиетке ие. Көкөніс, нан, сыр сияқты дайын өнімдерді турауға өте ыңғайлы.

Артықшылығы: Экологиялық таза, пышақ жүзіне жұмсақ тиеді, сырт көрінісі асүйдің көркін ашады.

Кемшілігі: Күтімді талап етеді. Кеуіп немесе жарылып кетпеуі үшін арасында арнайы май жағып тұру керек. Ылғалды тез сіңіреді, пластикке қарағанда ауырлау әрі қымбаттау.

Кеңес: Шикі ет пен балық турауға ағаш тақтайды қолданбаған дұрыс, себебі бактериялар ағаш талшықтарына өтіп кетуі мүмкін.


Сіз білдіңіз бе?

Тамақ қауіпсіздігі саласындағы танымал микробиолог, доктор Дин Кливер жүргізген классикалық зерттеу бойынша, ағаш тақталар пластикке қарағанда табиғи түрде бактерияларды тезірек жояды. Ағаш талшықтары ылғалды өзіне тартып, бактерияларды (микроорганизмдерді) ішіне қамап тастайды да, олар ылғалдың жоқтығынан өліп қалады. Ал пластик тақталар жаңа кезінде бактериядан тазалауға өте оңай болғанымен, бетінде сызаттар мен кесіктер пайда болған соң, оның ішінде сальмонелла мен ішек таяқшасы сияқты қауіпті бактериялар колония құрып, әдеттегі жуумен кетпейтіні дәлелденген.


Бамбук тақтайлар

Бамбук – берік әрі табиғи материал. Сыртқы келбеті ағашқа ұқсағанымен, салмағы жеңілірек әрі төзімді. Күнделікті көкөніс, жеміс-жидек турауға өте ыңғайлы.

Артықшылығы: Табиғи, суды ағашқа қарағанда аз сіңіреді, бағасы ағаш тақталардан арзанырақ.

Кемшілігі: Бамбук өте қатты болғандықтан, пышақтың жүзін тезірек өтпейтін етіп тастауы мүмкін. Ағаш сияқты мезгіл-мезгіл майлап тұруды қажет етеді.


Пластик тақтайлар

Жеңіл, арзан әрі практикалық нұсқа. Көптеген мейрамханалар мен кәсіби асүйлерде пластик тақталар жиі қолданылады. Шикі ет пен балық турауға ең қолайлысы – осы.

Артықшылығы: Тез жуылады, иіс сіңірмейді, бағасы қолжетімді, ыдыс жуғыш машинада жууға болады.

Кемшілігі: Уақыт өте келе пышақ іздері түсіп, сызаттар пайда болады. Сол сызаттардың арасында бактериялар жиналуы мүмкін. Тым арзан пластик ыстық тисе зиянды заттар бөлуі ықтимал.


Тот баспайтын болаттан жасалған тақталар

Соңғы уақытта асүйде гигиеналық қауіпсіздікті бірінші орынға қоятындар арасында болат тақталар танымал болып келеді. Олар шикі ет, балық, сарымсақ сияқты иісі өткір өнімдерді турауға өте қолайлы.

Артықшылығы: Бетінде тесіктер болмағандықтан суды, иісті, майды мүлдем сіңірмейді, микропластик бөліп шығармайды және бактериялар мен зеңнің көбеюіне жол бермейді. Кез келген жуғыш құралмен оңай тазаланады, ыдыс жуғыш машинада жууға болады және өте ұзақ мерзімге шыдайды.

Кемшілігі: Материал қатты болғандықтан, турау кезінде пышақтың жүзін тез өтпейтін етіп тастауы мүмкін. Болат тақтаға тиген пышақтың металдық дыбысы бәріне бірдей жаға бермейді. Сонымен қатар, астында арнайы резеңке тұғыры болмаса, үстел үстінде тайғанауы ықтимал.


Шыны тақтайлар

Заманауи дизайнымен көз тартады. Мұндай тақталарды көбіне тураудан гөрі, дастарқанға тағамды немесе тіскебасарды әдемілеп қою үшін пайдаланған тиімді.

Артықшылығы: Мүлдем иіс сіңірмейді, сызат түспейді, жуу өте оңай, микроб жиналмайды.

Кемшілігі: Шыныжылтыр, қатты болғандықтан, пышақты өте тез өтпейтін етеді. Тураған кезде пышақтың дыбысы жағымсыз шығуы мүмкін және тайғанақ келеді. Түсіріп алсаң, шағылып қалады.


Силикон тақталар

Соңғы уақытта танымал болған заманауи бұйым. Майдалап туралған көкөністерді немесе басқа да өнімдерді ыдысқа шашпай, оңай салу үшін майыстыруға өте ыңғайлы.

Артықшылығы: Өте майысқақ, үстел үстінде тайғанақтамайды, иіс сіңірмейді, пышақтың жүзін бұзбайды.

Кемшілігі: Ет шабуға немесе қатты өнімдерді күшпен турауға келмейді. Өте ыстық ыдыстың астына қоюға болмайды. Уақыт өте келе терең кесіктер түсіп, тозуы мүмкін.


Тас және мәрмәр тақталар

Өте салтанатты әрі қымбат көрінетін тақталар. Олар негізінен сыр, жеміс немесе суық тіскебасарларды әдемі етіп ұсынуға арналған.

Артықшылығы: Көрінісі керемет, ұзақ жылдар қызмет етеді, иіс сіңірмейді.

Кемшілігі: Өте ауыр, пышақты лезде бұзады, беті тайғанақ болғандықтан турау кезінде қолайсыз.


Сіз білдіңіз бе?

АҚШ-тың Аризона Университетінің микробиология профессоры Чарльз Гербаның зерттеуіне сәйкес, орташа статистикалық асүй тақтасының бетінде дәретхана отырғышына қарағанда 200 есе көп бактерия жиналуы мүмкін. Бұл жағдай көбінесе шикі етті немесе балықты турағаннан кейін тақтайды дұрыс дезинфекцияламаудан және бір тақтамен әрі шикі етті, әрі нан немесе көкөністі тураудан туындайды.


Асүйге қай өлшемдегі тақтайды таңдаған дұрыс?

Тақтаның көлемі асүйдің кеңдігіне және сіздің тамақ дайындау әдетіңізге байланысты.

  • Шағын тақталар (20–25 см): Аздаған лимон, сарымсақ, көкөніс немесе нан тіліп алуға ыңғайлы. Орынды аз алады.
  • Орташа тақталар (30–35 см): Үй шаруасына ең универсал әрі танымал өлшем. Күнделікті сорпаға, салатқа көкөніс турауға таптырмас көмекші.
  • Үлкен тақталар (40–50 см және одан жоғары): Тамақты көп пісіретіндерге немесе үлкен ет, балық бөлшектейтіндерге арналған кәсіби таңдау.


Асүйде неше тақта болуы керек?

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі нұсқаулығында шикі және піскен өнімдерді өңдеуді қатаң түрде бөлу ұсынылады. Бұл үшін ең тиімді шешім – түсі немесе материалы бойынша айырмашылығы бар кемінде екі немесе одан да көп тақтайшаны қолдану.

Гигиена талаптарына сай, кез келген үйде кемінде 2-3 тақта болғаны абзал.

1. Шикі ет пен балыққа бөлек пластик тақта, себебі оны дезинфекциялау оңай.

2. Көкөністер, нан және дайын өнімдерге ағаш, бамбук немесе силикон тақта жарайды.

3. Нанға немесе жеміс-жидекке бөлек кішігірім тақта ұстаған жөн.

Сарапшылар ұсынатын алдын алу шаралары (HACCP стандарты бойынша):

1. Түстік немесе функционалдық бөлу

  • Қызыл тақтай: Тек шикі ет пен құс етіне.
  • Жасыл тақта»: Көкөністер, жемістер мен аскөктерге.
  • Көк тақта: Шикі балық пен теңіз өнімдеріне.
  • Сары/Ақ тақта: Дайын өнімдерге (сыр, нан, піскен ет).

2. Дезинфекция және ауыстыру

Шикі ет турағаннан кейін тақтайды міндетті түрде ыстық сумен және дезинфекциялаушы сұйықтықпен жуу қажет. Бетінде терең сызаттар мен кесіктер көбейген пластик немесе ағаш тақталарды уақытылы жаңасына ауыстырған жөн.

Бұл ережелерді қатаң ұстану тамақтан уланудың алдын алып, асүйіңізде тазалық пен тәртіптің сақталуына кепіл болады.

Х. ОРАЛ,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

КИНО көру – РОМАНТИКА ма, әлде қарым-қатынастың ТОҚЫРАУЫ ма?

«ӨРМЕКШІ АДАМ: ЖАҢА КҮН» әлемдік тарихтағы ЕҢ КӨП КАССА жинаған үштікке енді