Қарбыздың «ұл» не «қыз» екенін анықтайды
Сурет: ЖИ
Нағыз қарбыз маусымы – тамыз бен қыркүйек айлары. Дәл осы кезде табиғи жолмен толық пісіп жетіледі. Десе де жаз басталысымен дүкендер мен базарларда қарбыз саудасы қыз-қыз қайнайды. Алайда сөреге ерте түскендерінің сапасы әрдайым жақсы бола бермейді. Біреуі таза піспеген, шала-шикі болса, енді біреулері дәріленген боп шығып, ауыртып, әлекке салады. Сондықтан қарбызды ерте сатып алу – әр адамның өз тәуекелі.
Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде ерекше тәсіл кең таралып жатыр. Бір желі қолданушысы қарбыз аларда ChatGPT-мен кеңескенін, жасанды интеллектің таңдаудан жаңылмағанын бөліскен. Боттың белгілеуімен сатып алынған қарбыз расында да тіл үйірерлік болып шыққанын айтады.
Бір қарағанда, бұл жай әзіл үшін салынған, көңіл көтерерлік контентке ұқсайды. Дегенмен, көптеген қолданушылар жасанды интеллект ең тәтті қарбызды таңдап бере алатынына сенетінін білдіріпті. Бұл әдіс қызығушылық тудырып, миллиондаған адамның назарын аударды.
Жасанды интеллект қарбызды қалай таңдайды?
Әдістің принципі өте қарапайым. Сатып алушы бірнеше қарбыздың суретін түсіріп, оны жасанды интеллекті бар чат-ботқа жүктейді. Кейін «осылардың ішінен ең тәттісін таңда» деген сұрақ қояды. Жасанды интеллект сыртқы белгілеріне қарап өз таңдауын белгілейді.
Әлеуметтік желіде тараған видеода Қазақстан тұрғыны дәл осы тәсілді қолданып көрген. AI таңдаған қарбызды сатып алып, үйіне барған соң кесіп қарағанда, оның іші қып-қызыл, өте шырынды әрі тәтті болып шыққан. Бейнероликті бес миллионнан астам адам қараған.
Бұл әдіске қатысты пікірлер екіге бөлінді. Кейбір қолданушылар «Мен ананасты осылай таңдап көрдім, расында тәтті шықты», «Жасанды интеллект күнделікті өміріміздің бір бөлігіне айналып келеді» деп жазды.
Ал кейбіреулер бұл тәсілге күмәнмен қарады. Олардың пікірінше, AI қарбызды кездейсоқ таңдаған болуы мүмкін. Ал оның шынында да тәтті боп шығуын жай ғана сәттілік деп санайды. Мұны нақты дәлелдеу үшін бірнеше қарбызды сатып алып, олардың дәмін салыстыру қажет дейді.
Қарбыз таңдаудың бірнеше құпиясы
Жасанды интеллектің қарбызды қалай таңдайтыны бізге белгісіз. Алайда, халық арасында бұрыннан белгілі тәсілдер де бар.
«Ұл» әлде «қыз» қарбыз екенін анықтаңыз. Қарбыздың да жынысы болады деген түсінік бар. Төменгі бөлігі жалпақ келген қарбызды «қыз», ал дөңес келгенін «ұл» деп атайды. Көпшілік «қыз» қарбыздар тәттірек әрі дәні аз болады деп есептейді. Бұл ғылыми түрде толық дәлелденбесе де, бағбандар арасында кең тараған пікір.
Сыртқы түріне назар аударыңыз. Піскен қарбыздың қабығы жылтыр әрі қатты болады. Қою жасыл жолақтары анық көрініп, ашық жолақтары сарғыш немесе крем түстес болуы керек. Қабығында жарық, ойық немесе жұмсарған жерлер болмағаны жөн.
Иісін байқап көріңіз. Қарбыздың қабығын аздап тырнасаңыз немесе тырнақпен жеңіл қырып көрсеңіз, жаңа шабылған шөптің иісі шығуы керек. Бұл оның балғын екенін білдіреді.
Сары даққа мән беріңіз. Қарбыз жерде жатқан жағында сарғыш дақ болады. Бұл – оның табиғи жолмен піскенінің белгісі. Дақ тым үлкен де, тым кішкентай да болмауы керек. Егер дақ ақ немесе жасылдау болса, қарбыз толық піспеген болуы мүмкін.
Дыбысын тыңдаңыз. Қарбызды алақаныңызбен жеңіл қағып көріңіз. Егер шыққан дыбыс анық әрі қоңыр үнді болса, қарбыз піскен. Ал күңгірт дыбыс естілсе, ол артық піскен немесе суы көп болуы мүмкін.
Қысып көріңіз. Піскен қарбызды екі жағынан қысқанда сықырлаған дыбыс шығады. Бұл оның іші шырынды әрі піскенінің белгісі.
Сабағын тексеріңіз. Қарбыздың сабағы толық кеуіп қалған болса, оның піскен кезде жиналғанын көрсетеді. Ал жасыл сабақты қарбыз жақында ғана үзілген болуы мүмкін.
Нитратты тексерудің оңай тәсілі
Қарбыздағы нитрат мөлшерін сыртынан анықтау мүмкін емес. Алайда үйге әкеліп кескен соң бірден бас салмай, алдымен тексеріп алған артықтық етпейді.
Ол үшін қарбыздың бір бөлігін мөлдір су құйылған стақанға салыңыз. Егер суға қарбыздың ұсақ бөліктері бөлініп шығып, түсін сәл ғана өзгертсе, қарбыз қауіпсіз болуы мүмкін. Ал су қызғылт немесе қою қызыл түске боялса, онда нитрат мөлшері жоғары болуы ықтимал. Мұндай жағдайда қарбызды тұтынбаған дұрыс.
Төре СЕЙІТХАН,
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:


