Суды есептеу, антистресс беру – бағбандар қолданатын басқа да айла-амалдар
фото: ЖИ
Шырша – жылдың төрт мезгілінде де жасыл қалпын сақтайтын сәнді ағаш. Онымен есік алдының көркін кіргізуді әркім-ақ ұнатады. Алайда, сол әдемілікке жетудің әлегі көп. Шырша күтімінің шаруасы аз емес. Әсіресе, біздің еліміздің ауа райын ескерсек, қуратпай өсіру тіпті қиын. Нағыз бағбандар қолданатын лайфхактарды білсеңіз, бұл қиындық жеңілдейді.
Бұталардан бұрын, тамырын қорғаңыз
Жаңа отырғызылған шырша біраз өсіп, өн бойына күш жинап, толық бейімделіп алғанша балаша мәпелеуді қажет етеді. Ең үлкен соққы – күн көзі, ыстық ауа. Сондықтан алғашқы уақыттарда ақ сұрып, арнайы көлеңкелік тор немесе ақ түсті агроталшықпен көлегейлеп жатады. Иә, бұл әдіс ағаштың күнге күйіп кету қаупін айтарлықтай азайтады. Дегенмен, ыстықтан толықтай қорғайды деуге әлі ерте. Ағаштың бұталарынан бөлек, күн көзі түспесе де, тамырларын ыстық ауадан қорғау керек.
Жазда топырақтың беткі қабаты қатты қызып кетеді. Бұл жас шыршаның тамырына кері әсер етеді. Мұның алдын алу үшін ағаштың түбіне 5-10 см қалыңдықта қарағай қабығын, ағаш үгіндісін, құрғақ жапырақ немесе сабан төсеп қойыңыз. Мұндай мульча топырақты қышқылданырады, ылғалды ұзақ сақтайды, тамырды қызып кетуден қорғайды әрі арамшөптің өсуін тежейді.
Суару уақыты мен мөлшері маңызды
Көпшілік шыршаны күн сайын аз-аздан суарады. Бірақ бұл әдіс тамырдың тереңге бойлауына көмектеспейді.
Жазда шыршаны күнде суарғаннан көрі, аптасына 1-2 рет молынан суарған дұрысырақ. Су топырақтың терең қабатына дейін жетуі керек. Бойы 1 метрге жетпейтін жас шыршаға әр суарған сайын 10-20 литр (1-2 шелек) су қажет. Ал 1 метрден асатын үлкен шыршаға аздап математика қосасыз. Бойының әр метріне 10 литрден есептеледі. Мысалы, 3 метрлік шыршаға – 30 литр су.
Шыршаны суарғанда су тек діңгегінің түбіне емес, бұтақтарының айналасы (шеңбері) бойынша құйылуы керек, өйткені сорғыш тамырлар шетінде орналасады.
Суарудың ең қолайлы уақыты – таңертең ерте немесе күн батқаннан кейін. Түсте суару ылғалдың тез булануына әкеледі.
Кешкі салқын уақытта бұтақтарына майда су бүркіп тұрсаңыз, ағаш сергіп, шаңы кетеді және қылқандарының кеуіп кету қаупі азаяды. Мұны күн қызған кезде жасауға болмайды.
Бағбаннан кеңес: Автоматты суарудың тегін әдісі
Егер шыршаны уақытылы суаруға мүмкіндік болмаса, жанына су толтырылған 5–10 литрлік пластик бөтелкелерді төңкеріп қоюға болады. Қақпағына бірнеше кішкентай тесік жасап, бөтелкені тамыр маңына көміп орналастырсаңыз, су біртіндеп тамшылап шығып, топырақты ұзақ уақыт ылғал ұстайды. Бұл қарапайым тәсіл ыстық күндері шыршаның кеуіп кету қаупін едәуір азайтады.
Антистресс беріңіз
Бағбандардың ең үлкен құпиясы осы – шыршаға антистресс препараттарын беру. Ыстық демалыс күндері шыршаға күйзелістен шығуға көмектесетін биостимуляторлар – «Эпин-Экстра» немесе «Циркон». Таңда күн әлі ысымай тұрып немесе кешкісін аптап басылған соң осы препараттардың бірін суға араластырып, қылқандарына бүрку керек. Бұл өсімдіктің иммунитетін 2 есе арттырады.
Тек ыстықтан емес, зиянкестерден де қурайды
Жазда шырша тек ыстықтан емес, аурудан да қурайды.
- Өрмекші кенесі. Жаздың аптап ыстығында шыршада өрмекші кенесі жиі пайда болады. Ол инелердің шырынын сорып, сарғайтады. Одан қорғану үшін су бүрку әдісі көмектеседі, өйткені бұл кене ылғалды ұнатпайды. Немесе арнайы акарицидтермен өңдеу керек.
- Саңырауқұлақ аурулары. Өсімдіктің инелері қоңыр тартып, түсе бастаса, бұл – саңырауқұлақтың салдары. Алдын алу үшін жаздың басында фунгицидтермен (мысалы, мыс купоросы немесе «Хом») бүрку қажет.
Желден де қорғау керек
Жаздың аптап желі де шыршаға зиян тигізеді. Егер аулаңыз желді жерде орналасса, алғашқы жылдары ағаштың жанына уақытша қалқан немесе қоршау орнатуға болады. Бұл ылғалдың тез булануын азайтады.
Арамшөпті уақытында жұлыңыз
Шыршаның айналасында өскен арамшөптер топырақтағы су мен қоректік заттарды өзіне тартып алады. Сондықтан ағаш түбін таза ұстап, топырақты терең қопсытпай, тек үстіңгі қабатын жеңіл қопсытып тұрған дұрыс.
Қылқанының түсіне назар аударыңыз
Егер шыршаның қылқаны сарғайып, қоңырлана бастаса немесе бұтақтарының ұшы қураса, бұл су жетіспеуі, тамырдың қызып кетуі немесе зиянкестердің белгісі болуы мүмкін. Мұндай жағдайда күтім тәсілін қайта қарап, қажет болса арнайы өсімдік қорғау құралдарын қолданған жөн.
Жазда жіберілетін ең үлкен 3 қателік
- Жазда бұтау. Шыршаны жаздың аптап ыстығында кесуге болмайды, бұл оны әлсіретеді.
- Тамыр аймағын терең қазу. Шыршаның тамыры беткі қабатта орналасқан, сондықтан шырша түбін кетпенмен терең қопсыту тамырды жарақаттайды.
- Мұздай сумен суару. Құдықтан немесе скважинадан тікелей келетін мұздай су тамырларды шокқа түсіреді. Судың күнге жылығаны дұрыс.
Жас шыршаға ең қиын кезең – отырғызылғаннан кейінгі алғашқы екі-үш жыл. Осы уақыт аралығында жеткілікті ылғал беріп, тамырын қызып кетуден қорғап, күннің сәулесінен сақтасаңыз, ағаш жақсы жерсініп, ұзақ жылдар бойы аулаңыздың сәніне айналады.
Төре СЕЙІТХАН,
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:


