​Көкөніс пен жемістегі пестицидті кетірудің амал-тәсілі бар

0
545

Ірі және біртегіс, жылтыр көкөністер мен жемістерде пестицид көп болады.


​Көкөніс пен жемістегі пестицидті кетірудің амал-тәсілі бар

Көкөніс пен жемістер дәруменнің, ағзаға пайдалы заттардың нағыз қайнар көзі екені белгілі. Алайда, оларды өз бақшаңызда өсірмей сатып алатын болсаңыз, онда оның құрамында пестицид пен химикаттар бар жоғын тексеру керек. Пестицидтер (латын сөздерінен pestis — жұқпалы ауру, caedo — өлтіремін) деген — мәдени өсімдіктерді зиянкестерден, паразиттерден, арамшөптерден, аурулардан және микроорганизмдерден қорғау үшін қолданатын барлық химиялық қосылыстар.


Пестицидті қалай кетіру керек

Көкөністер мен жеміс-жидектерді жуып алған соң, 5-10 минутқа ас содасы қосылған суға салып қою керек. Ол үшін 1литр суға 1ас қасық ас содасын салып ерітіп алыңыз. Сол суға қажетті көкөніс, жемістерді салыңыз. Судың түсі бірден өзгереді. Фермерлердің қолданған затына қарай су бұлыңғыр немесе сәл сарғыш түске енеді. Су бетінде жұқа қабық түзіледі.


Сіркесу ерітіндісі

  • Үлкен ыдысқа алма сіркесуы мен суды 1:4 мөлшерде араластырып алыңыз.
  • Кейін таза сумен 2-3 қайтара шайып алыңыз.
  • Көкөністер мен жемістерді сол ерітіндіге 20-30 минутқа салып қойыңыз.

Әрине, көкөніс пен жемістердегі пестицидтен толық құтылу қиын. Дегенмен, оны денсаулыққа зияны тимейтіндей етіп азайтуға болады.


Картоп

Картоптағы химиялық зат оның қабығының астында және ортасында болады. Сондықтан картопты дайындаған кезде, алдымен қайнатып, бір қайнаған соң суын төгіп тастаған дұрыс.


Қырыққабат

Химиялық заттар қырыққабаттың өзегінде және сыртқы 2-3 қабатындағы жапырақтарында болады. Сол себепті сыртындағы жапырақтар мен өзегін мүлде пайдаланбаған жөн.


Қияр, баялды және кәді

Бұл көкөністер нәзік түсте болуы керек. Егер көкөністердің түсі өте қанық жасыл болса онда олар химиялық қоспаларды молынан алған. Баялды мен кәдіні қабығынан аршып, түбін алып тастағын дұрыс. Себебі химиялық қоспалар сол жерлерге молынан жиналады.


Қызанақ

Қызанақ ішіндегі жұмсағының ақ түсі көбірек және сары қалың тамырлар болса, оның құрамында химия өте көп. Мүмкіндік болса мұндай өнімді алмаған дұрыс. Ал егер алып қойған болсаңыз, ондакем дегенде 1 сағат суға салып қою қажет.


Аскөк, салат жапырағы

Салат жапырағы мен аскөктің сабағында химия көп болады. Сол үшін тек жапырағын ғана пайдаланған жөн. Аскөк пен салат жапырағын пайдаланар алдын 1 сағат ас содасы қосылған суға салып қою қажет. 1 литр суға 1 ас қасық сода қосып араластырады.


Жүзім

Жүзім бұзылып кетпес үшін оны фунгицидпен өңдейді. Оны кетіру үшін жүзімді 2-3 қайтара жуу жеткілікті.


Қарбыз

Қазір қарбыздың нағыз уақыты. Оның ішінде химиялық қоспа бар-жоғын тексеріп көріп барып жеген дұрыс. Ол үшін қарбыздың кішкентай бір тілігін таза суға салып көру қажет. Егер судың түсі мен дәмі өзгермесе, онда ол қарбызды жей беріңіз. Ал судағы қарбыз айналасы қызғылттанып, судың түсі бұлыңғыр немесе алқызыл түске енсе – онда ол қарбыз құрамында хмиялық заттар бар.


Алма мен алмұрт

Егер алма мен алмұрт алған кезде олардың сырты жылтыр, қолға шамалы жабысқыш болса, онда оларды ұзақ сақтау үшін дифенилмен өңдеген. Еуропа мен АҚШ елдерінде дифенилге аллергия тудыруы себепті тыйым салынған. Мұндай жемістерді жақсылап жуып, қабығын аршып жеген жөн.


Асқабақ

Пестициді көп асқабақтың қабығындағы сызықтар тегіс емес болады.


Пестицидсіз өнімді таңдаудағы жалпы ережелер

  • Көкөніс пен жемістердің ірі және біртегіс, жылтырын таңдамаңыз.
  • Әртүрлі өндірушілердің бірдей өнімдерін таңдаған кезде, қолға салып, салмақтап көру керек. Қайсысының салмағы ауырлау сонысын таңдаған дұрыс. Онда химикат аздау болады.
  • Жапырағы қалың, түсі қанық өнімдерді таңдамаңыз.
  • Көкөністер мен жемістердің әлсіз болса да шамалы иісі болуы керек. Ал ешқандай иісі жоқ өнімдер – химиямен өңделген.
  • Мүмкіндігінше жергілікті өнімді таңдаған дұрыс. Алыс жақтан келетін өнімдер жолға шыдап, бұзылып кетпеу үшін міндетті түрде химиялық өңдеуден өтеді.



Дайындаған: Э.Базарбаева,

ERNUR.KZ.