Ақ аяқкиімді тазалауға, қолдағы қызылша бояуын кетіруге болады
Сурет: ЖИ
Мицеллярлы суды беттегі макияжды кетіруге арналған косметикалық құрал ретінде білеміз. Тоналды кремді, далапты және басқа да косметиканы тазартады. Бірақ бұл сұйықтықтың пайдасы тек бет күтімімен шектелмейді. Ол үйдегі киім-бұйымдарды тазалауды жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Мицеллярлы судың мұндай қасиеті құрамындағы мицеллаларға байланысты. Олар тері бетіндегі май мен кірді кетіруге көмектесетін ұсақ құрылымдар. Сол себепті бұл құрал кейбір майлы дақтарды тазартуға да жарауы мүмкін. Дегенмен оның әсері өнімнің құрамына, тазаланатын материалға және дақтың қаншалықты сіңіп қалғанына байланысты.
Егер үйіңізде мицеллярлы су бар болса, оны тұрмыста да пайдаланып көруге болады. Төменде осы құралдың көмегімен орындауға болатын қарапайым лайфхактарды ұсынамыз.
Ақ кроссовканы тазартуға көмектеседі
Ақ аяқкиімді таза ұстау оңай емес. Тез кірлейтіндіктен, жиі-жиі ұзақ ысқылауға тура келеді. Бұл шаруаны жеңілдету үшін мицеллярлы суды қолданып көруге болады.
Алдымен аяқ киімнің бетін құрғақ, жұмсақ щеткамен тазалап, шаңын кетіріңіз. Содан кейін мақта дискісін мицеллярлы суға аздап малып, кірлеген жерді сүртіңіз.
Сондай-ақ, мицеллярлы су күдері мен өңі қашалған былғары (нубук) аяқкиімдерге трып қалған түз, асқа да реагенттер ізін кетіреді.
Былғары сөмке мен аяқкиімді сүртуге болады
Былғары сөмке, аяқкиім, қолғап сияқты бұйымдар уақыт өте келе кірлеп, кей жерлері жылтырап кетеді. Мұндай іздер көбіне қолға жиі тиетін тұстарда пайда болады.
Мицеллярлы су осы жылтыр кірді кетіруге көмектесуі мүмкін. Ол үшін мақта дискісін аздап сулап, қажетті жерді қатты баспай сүртіңіз. Қатты щеткамен ысқылаудың қажеті жоқ.
Алайда барлық былғары бұйым бірдей емес. Кейбірінің беткі қабаты арнайы өңделген, ал кейбірі ылғалға сезімтал болады. Сондықтан алдымен бұйымның көрінбейтін жеріне жағып тексеріңіз. Егер түсі өзгерсе немесе дақ қалса, қолдануды тоқтатыңыз.
Киімге жағылған косметиканы кетіреді
Тоналды крем немесе помада киімнің жағасына жұғып, із қалдыратын жағдай жиі болады. Мұндай дақтарды қарапайым сумен кетіру кейде қиын, өйткені косметиканың құрамында майлы заттар болады. Мицеллярлы суды көмекке шақырып көріңіз. Мақта дискісін мицеллярлы суға аздап сулаңыз. Дақты шетінен ортасына қарай ақырын басып сүртіңіз. Қажет болса, таза мақта дискісімен қайталаңыз. Содан кейін киімді матасына сәйкес келетін тәсілмен жуыңыз. Дақты қатты ысқыламаңыз, әйтпесе ол матаның талшықтарына тереңірек сіңуі мүмкін.
Жібек, жүн және басқа да нәзік маталарға абай болыңыз. Мицеллярлы судың құрамындағы қосымша заттар матада із қалдыруы ықтимал. Алдымен киімнің көзге түспейтін жерінде тексеріп алған жөн.
Айна мен әйнектегі жеңіл кірді тазалайды
Жуынатын бөлмедегі айнаға су тамшысы, саусақ ізі немесе косметика жиі жұғады. Оларды кетіру үшін әрдайым арнайы тазартқыш іздеудің қажеті жоқ. Мицеллярлы суды жұмсақ микрофибра шүберекке аздап жағып, айна бетін сүртіңіз. Соңынан құрғақ, таза шүберекпен сүртсеңіз, бетінде қалған ылғал азаяды. Мицеллярлы сумен сүткеннен кейін айна бетінің булануы да азаяды.
Қабырғадағы фломастер ізін жояды
Кішкентай балалары бар үйлерге қабырғадағы фломастер, сия іздері таңсық емес. Егер жаңадан сызылған болса, мицеллярлы сумен кетіріп көруге болады. Мақта дискісін аздап сулап, дақтың үстінен қатты баспай сүртіңіз. Бірақ алдымен тұсқағаздың көзге түспейтін жерінде сынап көріңіз.
Маңызды: қағаз тұсқағазға сұйықтықты көп жақпаңыз. Ол суланып, түсі өзгеруі немесе беткі қабаты бүлінуі мүмкін. Тазалауға кіріспес бұрын материалдың түрін ескеріңіз.
Ыдыстағы жапсырманың желімін алады
Жаңа тәрелке, кесе немесе шыны ыдыс сатып алғанда, түбіндегі баға жазылған жапсырманы алып тастау кейде әбігерге салады. Қағазы жыртылып кетеді де, жабысқақ желімі ыдыстың бетінде қалып қояды. Оған шаң мен кір де тез жиналады.
Мұндай жағдайда мицеллярлы суды байқап көруге болады. Жұмсақ шүбрек немесе мақта дискісіне сұйықтықты құйып, жапсырманың желім қалған жеріне қойыңыз. Бірнеше минут күтіңіз. Сосын жұмсарып, жібіген желімді сүртіңіз. Ыдысты әдеттегідей жуып, жақсылап шайып алыңыз.
Бұл тәсіл шыны немесе глазурьмен қапталған тегіс керамикада көмектесуі мүмкін. Бірақ желімнің түріне қарай нәтиже әртүрлі болады.
Егер жапсырма пластик ыдыста болса, алдымен оның бетіне зиян келмейтінін тексеріңіз. Тағаммен жанасатын ыдыстарды тазалағаннан кейін міндетті түрде жуғыш құралмен жуып, ағын сумен шайыңыз.
Пластик бетіндегі іздерді кетіреді
Телефонның сыртына, теледидар пультіне, терезе жақтауы мен пластик тұтқаларға қолдың майлы ізі жиі түседі. Әсіресе ақ пластик беттерде мұндай дақтар бірден байқалады.
Мицеллярлы су пластиктің кейбір түріндегі жеңіл кір мен майлы ізді кетіруге көмектесуі мүмкін. Ол үшін сұйықтықты тікелей бетке құймай, шүберекке аздап жағып, тазаланатын жерді сүртіңіз.
Бірақ электрондық құрылғыларға келгенде ерекше сақ болу керек. Телефонның экранына, камерасына, динамигіне және зарядтау ұясына сұйықтық тигізбеңіз. Пульттің батырмаларының арасына сұйықтықтың кіріп кетуіне жол бермеңіз. Экранға арналған қорғаныш қабатқа немесе пластикке зиян келмейтініне көз жеткізіңіз. Құрылғыны тазаламас бұрын өшіріп, өндіруші ұсынған күтім нұсқаулығын тексеріңіз.
Қолды қызылша бояуынан тазалайды
Қызылша тазалағаннан кейін қолда қалған қызғылт із сабынмен жуса да кетпей қалады. Сондайда мицеллярлы сумен сүртіп көруге болады.
Мицеллярлы суды үй шаруасына пайдаланған тиімді ме?
Мицеллярлы су кейбір жеңіл дақтарды кетіруге көмектескенімен, оны барлық тазартқыштың орнына қолдануға болмайды. Оның үстіне косметикалық өнімнің бағасы арнайы тұрмыстық тазартқыштан қымбат болуы мүмкін. Тек арнайы тазартқыш құрал қолда болмай қалғанда, ал үйде мицеллярлы су болса, ұсақ-түйек шаруаларға байқап көруге болады. Сондай-ақ, ашылғанына ұзақ уақыт болған, бет тазалауға қолданбайтын өнімді де қоқысқа жай тастай салғанша, тазалық жұмысына қолданып тастаған жөн. Бірақ терең сіңген дақ, әк қағы, қатты кір немесе микробтарды жою қажет болғанда, сол жұмысқа арналған арнайы құралды таңдаған дұрыс.
Дайындаған: Х. ОРАЛ,
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:
ЕСКІРГЕН, бірақ тастауға обал ТОНнан не жасап алуға болады?
ЖАС МАМАНдарға арналған БАЙҚАУлар – ЖЕҢІСке жету үшін қандай ДАЙЫНДЫҚ керек?


