​Ыдыс жуатын сорғыштың зиянын білесіз бе?

0
192

Бір кішкентай ғана сорғының өзінде 362 түрлі 54 миллиард микроағза болуы мүмкін.


 ​Ыдыс жуатын сорғыштың зиянын білесіз бе?

Әрбір қыз-келіншек үй ішін таза ұстауға тырысады. Әсіресе, ас үй. Ол жерде күнделікті ыдыстарды тазалау үшін бұрын апаларымыз шүберек қолданса, қазір көпшілігіміз сорғы (губка) сатып аламыз. Сорғының тағы бір жақсы жағы, ыдыс жуатын сұйықтықты көпіртіп, үнемдеуге көмектеседі.

Алайда осы тазалық үшін қолданып жүрген сорғының еден жуатын шүберектен де таза емес екенін білесіз бе? Кәдімгі ас үйде ыдыс жуу үшін пайдаланып жүрген сорғы - бактерия өндірудің қайнар көзі.


Бір кішкентай ғана сорғының өзінде 362 түрлі 54 миллиард микроағза болуы мүмкін. Ең қорқыныштысы - бактерияның көптігі емес, оның түрлерінің көп болуы.

  • Әсіресе Acinetobacter түріне жататын бактериялардың деңгейі өте жоғары болады екен. Бұл бактериялар антибиотикке төзімді, менингит, сепсис секілді ауыр жұқпалы ауруларды тудыратын, қауіпті бактерия саналады.
  • Жағымсыз иіс шығаратын бактериялар да сорғыштың бойында болады. Бұл бактериялар иммунитеті әлсіз адамдар үшін өте қауіпті, тыныс алу жолдарының инфекциясын тудырады.
  • Сонымен бірге ішек жұқпалы ауруын, улануды, тіпті терінің қабынуын тудыруы мүмкін.


Сорғыны тазарту тиімді ме?

Көптеген қыз-келіншектер сорғыны таза ұстау жеткілікті деп санайды немесе арасында ыстық суға қайнатып, микротолқынды пешке салып бактерияларын жоюға тырысады. Алайда мұның тек уақытша екені дәлелденген. Қайнатып немесе микротолқынды пешке салып алғаннан бактериялар азаяды, бірақ толық жойылып кетпейді. 24 сағаттан кейін қайта қалпына келе бастайды. Ең жаманы «тірі» қалған бактериялар кез келген нәрсеге төзімді бұрынғыдан да төзімді бола түседі.

Сорғыны жиі ауыстыру – бактерияны төмендетудің тиімді тәсілі. Алайда, қаншалықты жиі ауыстырған дұрыс? Мамандар сорғыны әр 3-5 күнде ауыстырған жөн деп санайды. Бірақ қанша жиі ауыстырғанмен оны бірінші пайдаланғаннан-ақ бактериялар жиналады. 3 күн сайын ауыстыру тек бактерияның жиналу көлемін азайтады. Сонымен бірге сорғыны ауыстырып қана қоймай тағы бірнеше ережені ұстаныңыз.

  • Әр ыдыс жуып болған соң, тазартып шайып қойыңыз.
  • Ыдыс пен үстел, ас үй жиһаздарының бетін сүртуге бөлек-бөлек сорғы арнаңыз.
  • Үнемі құрғақ жерде ұстаңыз.

Қарапайым осындай тәсілдер ас үйіңізді қауіпсіз етуге көмектеседі.


Сорғыны немен алмастыруға болады

  • Силиконды щетка. Сорғы орнына силиконды щетка пайдалануға болады. Оның қылтандары тез кеуіп қалатын болғандықтан бактериялар көбейіп үлгермейді. Сондай-ақ оның түрлері өте көп және ұстағышы ыңғайлы келеді. Щетканы оңай жуып, қайнатып немесе жай ғана ыдыс жуатын машинаға салып залалсыздандырып алуға болады. Жоғары температура көптеген микробты өлтіреді.
  • Мақта немесе зығыр матадан жасалған майлықтар. Табиғи материалдан жасалған майлықтар ешқандай микропластик жинамайды және ылғалды жақсы сіңіреді, ұзақ қызмет етеді. Қайнатып залалсыздандырып алуға болады.
  • Силиконды жөке (мочалка). Поролонды сорғыға қарағанда ол суды өзіне сормайды. Тез кеуіп, ұзақ уақыт таза күйінде сақталады. Иілгіш құрылымы ыдысты бүлдіріп алмай, жылдам тазартып жуып алуға көмектеседі. Ұзақ уақытқа шыдайды.
  • Микрофибра майлықтары. Микрофибра тығыз майлықтары шаң мен майды жылдам, жақсы сіңіріп алады. Тіпті ыдыс жууға арналған сұйықтықты да қажет ете қоймайды. Бір микрофибра майлығы ондаған қағаз сулық пен жүздеген сорғыны алмастырады.


Қазір нарықта ыдыс жууға арналған майлық, сорғылардың түр-түрі кездеседі. Ең бастысы ылғалды жақсы сіңіріп, жылдам кебетін түрін таңдау керек. Кез келген мата майлықтарды жуғанда судың градусын 60 тан түсірмеңіз, яғни мейлінше жоғары болсын. Бұл майлыққа жиналған бактериялардың жойылуына әсер етеді.


Дайындаған: Э.Базарбаева,

ERNUR.KZ.