Арықтауға көмектесетін нанды өзіңіз-ақ пісіре аласыз!

0
3 630

Нансыз тамақ жей алмайтын әрі семіздікке бейім жандарға ұсынылатын нан.


Арықтауға көмектесетін нанды өзіңіз-ақ пісіре аласыз!

Қарақұмықтың пайдалы азық екенін білеміз. Алайда дәл осы жармадан нан пісіруге болатынын естіп пе едіңіз? Мұндай нанды әсіресе семіздікке бейім және дұрыс тамақтануды қолға алғандар жесе пайдасы мол. Сондай-ақ, қант диабетіне шалдыққанда, қандағы қант мөлшері артқанда да қарақұмық нанын жеген дұрыс. Ендеше нанды пісіру әдісіне тоқталайық.


Қажетті өнімдер:

  • 130 гр. қарақұмық жармасы
  • 260 гр. бидай ұны
  • 300 мл су
  • 1,5 шай қасық ашытқы
  • 1,5 шай қасық тұз
  • 1 ас қасық қант
  • 3 ас қасық өсімдік майы.

Дайындалу тәсілі:

  1. Ең алдымен қарақұмық жармасын құрғақ табаға салып қуырамыз. Иісі шығып, сәл ғана күйе бастағанда ыдысқа салып аламыз.
  2. Қарақұмық жармасы суығанша бір табаққа су құйып отқа қоямыз. Суымыз 40 градусқа дейін ысуы керек. Осы суға қантты салып, еріген соң суды оттан алып, ашытқыны салыңыз да, араластырып, 7 минутқа қалдырыңыз.
  3. Ашытқымыз дайын болғанша қарақұмықты майдалап алсақ болады. Кофеұнтақтағыш құралмен немесе блендермен ұнтақтаңыз. Барынша майдаламаған дұрыс. Қарақұмықтың ірілеу болғанына мән беріңіз.
  4. Табаққа електен өткен бидай ұнын салып, тұз бен ұнтақталған қарақұмықты салыңыз. Барлығын жақсылап араластырыңыз.
  5. Содан соң қамырға қажетті 300 мл су мен ашытқыны араластырып алып, ұн саламыз. Өсімдік майын құйып, барлығын жақсылап араластырып, қамыр илейміз. Табақтың бетін жауып, сыртынан матамен орап қоямыз. 1-2 сағатта қамыр ашиды.
  6. Қамыр барынша көтерілуі тиіс. Осы уақытта қамырды ұн себілген тақтайдың үстіне қойып, қолымызбен жазамыз. Қамыр біршама жайылған кезде бір шетін ортасына қарай қайырып, екінші шетін де дәл солай жасаймыз. Содан осң қамырдан әдемі сопақша нан жасап, формаға саламыз да, 30 минутқа қалдырамыз.
  7. 30 минутта қамырымыз көтеріліп, топмайып шыға келеді. Міне осы кезде нанның беткі жағын 5-6 жерінен пышақпен тіліктейміз. Сонда нанымыз кәдімгі дүкенде сатылатын батон нанға ұқсайды. Пешті 200 градусқа дейін қыздырып, нанды саламыз. 25 минуттан соң нанның бетін фольга қағазымен жауып, пештің градусын азайтамыз да, қайта пешке саламыз. 25-30 минутта қарақұмық қосылған өте пайдалы нанымыз да пісіп шығады. Астарыңыз дәмді болсын!

Дайындаған: Құрманкүл ӨМІРЗАҚҚЫЗЫ,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Гүлвира Ибраева, диетолог: «КҮЙЕУІМ 26 келі САЛМАҚ ТАСТАДЫ»


КАРАНТИН кезінде ДИЕТА ЕМЕС, дұрыс ТАМАҚТАНУДЫ қолға алыңыз!


Індет кезінде уақытылы тамақтану маңызды