​Жетісайлық келін ешқандай дәрі-дәрмексіз 40 келіге арықтап жұртты таңқалдырды

0
5 499

Түркістан облысы, Жетісай ауданы, Байдала ауылының тұрғыны 34 жастағы Халифа Маханбетқызы шынында да ағзасын зиянды дәрі-дәрмекпен уламай-ақ 110-нан 70 келіге дейін арықтап, ел-жұртты аузына қаратты.


​Жетісайлық келін ешқандай дәрі-дәрмексіз 40 келіге арықтап жұртты таңқалдырды

Бүгінгі таңда елімізде ауыр салмақтылардың саны артып жатқаны белгілі. Әсіресе қыз-келіншектер үшін бұл өте қиын мәселеге айналған. Сол себепті де болар диетологтар мен психологтардың көбейіп жатқаны. Алайда арықтау үшін көп энергия, көп күш-қуат пен табандылықтың қажет екенін білетін әйелдер қауымы көбіне жеңіл жолмен семіздіктен арылғысы келіп, дәрі-дәрмектің, отаның көмегіне жүгініп жатады. Бірақ та ауылдың қарапайым келіні ағзасын түрлі препараттармен уламай-ақ, жөнсіз жарнамалардың жетегінде кетпей-ақ жарты жыл ішінде айтарлықтай салмақ тастап, өзінің діттеген мақсатына жетіп отыр.

Алты ай бойы кейіпкеріміздің қалай тамақтанғанын, арықтау үшін қосымша қандай іс-әрекет жасағанын аудиожазба арқылы өзінен сұрап білген болатынбыз.


- Халифа Маханбетқызы @alzhanbaiova_khalifa, 40 кг салмақ тастағаныңыз рас па? Арықтау керектігін қай кезде мойындадыңыз?

- Иә, мен шынында да 40 килограммен қош айтыстым. Бұл мен үшін үлкен еңбек, керемет жетістік. Әрине, оңай болмады. Қазір осылай айта салу қиын болмағанмен, басында қатты қиналғаным рас. Осындай жетістікке жетуіме әуелі Алла, сосын анам себепші болды. Анама айтар алғысым шексіз. Анамның көмегімен, сол кісінің мотивациясының арқасында таразыға ұялмай тартыла алатындай жағдайға жеттім.

Арықтау керектігін білетінмін. Алайда қиынсынып жүрдім. Көрген адамдар да, жолдасым да мені кемсітіп, тіпті, ауыр сөздер айта бастады. «Күйеуінің тапқанын ішіп-жеп, бегемот сияқты жатыр» деген әңгімелерді де естідім. Жолдасым болса менің қасымда жүруге ұялатын жағдайға жетті. «Сенің қасыңда жүруге ұяламын. Маған бұрынғы қалпың ұнайды, қазір апа боп кеттің» деп ол да мені жерден алып, жерге салды. Алайда анам ұрысып, тоқтау қоймағанда, мен бәлкім сол «бегемот» қалпымда жүре берер ме едім.

Былтыр жазда анам екеуміз ем қабылдау үшін жылы суға барған едік. Сол жақта анам менің фигурамды көріп қатты шошыды. Ол демалыста жүріп, менің арықтауымды өз қолына алған болатын. Жылы судан қайтқанда 5 кг салмақ тастап қайтыппын. Бұл да менің алға қарай жылжуыма, арықтай алатыныма көз жеткізген алғашқы нәтижем болды. Сол сәттен бастап анашым күн сайын мені өзі бақылап, қай уақытта жүгіру керектігін, қай уақытта қандай тағам ішіп-жеуді бәрін-бәрін айтып отырды.


- Таңертеңгі асты неден бастайсыз? Анаңыздың үйреткен диетасымен бөліссеңіз?

-Таңертең тамақтанудан бір сағат бұрын қайнамаған, 2 стақан бал салынған ыстық су ішемін. Кей кездері лимон қосамын. Бұл су ағзаны тазартып, іштегі шлактарды айдайды. Оның үстіне таңертеңгілік ағзаны оятудың керемет тәсілі болып табылады. Ал, бір сағат өткеннен кейін сүтке пісірілген ұнтақ жармасынан дайындалған ботқа жеймін. Ботқаны қарақұмықтан да, күріштен де, сұлыдан да дайындай беремін. Ол менің қалауыма қарай өзгеріп отырады.

Содан соң түскі асқа қайнатылған немесе бұқтырылған қарақұмық немесе күріш жеймін. Қарақұмықты айранға бұқтырып қоюға да болады. Тұз, дәмдеуіштер қоспаймын. Көкөністерден дайындалған салат қосуға болады. Бірақ мен диета барысында нан мен картопты аузыма татып алмадым. Бұлардың салмақ тастауда ешбір көмегі жоқ. Сол себепті де осылай жасауға тура келді. Кешкі асқа да осыларды жеуге болады. Арасында тіскебасар ретінде алма, сәбіз, жеміс-жидектер жеу керек. Мен көбіне екі мезгіл тамақтануды қолға алдым. Кешкі сағат алтыдан кейін барынша ештеңе жемеуге тырысамын.

Алты ай бойы тек осылай тамақтандым дей алмаймын. Калориялы қуырылған тағамдардан басқа қайнатылған сорпа, пеште піскен тағамдарды жей беруге болады. Ең бастысы, ағзаны дәруменмен нәрлендіріп отыруды ұмытпау керек. Дәрумендерді жоғарыда айтып өткенімдей, жеміс-жидектер мен көкөністерден аласыз.


- Халифа, ауыр салмақ денсаулыққа да кері әсерін тигізбей қоймайды. Сіздің денсаулығыңызда ешқандай өзгеріс болмады ма?

- Менің салмақ тастауыма себеп болған нәрсе де осы денсаулық мәселесі болды. Өзіңіз ойлаңызшы, 110 кг-ды көтеріп жүру аяққа да өте ауыр екені белгілі. Аяғым ауырып, отырып-тұруым қиындап, ішкі ағзаларымның жұмысы да нашарлай бастады. Ал, қазір өзімді өте жеңіл сезінемін. Басында таңертең жүгіруді қолға алған кездерде қатты қиналып, ырсылдап қалатынмын. Бірақ күн сайын осы істі әдетке айналдырып, «қалай да арықтаймын» дегенді мақсат тұтқаннан кейін шаршасам да, жаным қиналса да алға қарай қадам басуды тоқтатпадым. Таңертең міндетті түрде таза ауада жүгіремін, күндіз әлеуметтік желіде хит болған зумба биін билеймін. Осының бәрі терінің салбырамауына, әдемі арықтауыма көмегін тигізді.


- Тағы бір сұрағым келіп отырғаны, сіз қыз күніңізден осындай томпақ болдыңыз ба? Әлде кейін келе салмақ қосып алдыңыз ба?

- Менің бұл ауылға келін боп түскеніне 10 жылдың көлемі болып қалды. Қыз күнімде өте әдемі, сымбаты сымдай тартылған арулардың бірі едім. Тіпті, студент шағымда Алматы қаласына модель болуға шақырған сәттер де болған. Тұрмысқа шығып, балалы-шағалы болғаннан кейін семіздікке бой алдырып, фигурам да өзгере бастады. 60-65 келі шығатын келіншек 10 жылдан кейін өте семіз әрі ұсқынсыз 110 кг шығатын дәу әйелге айналды ғой. Осындай жағдайға қалай жеткенімді байқамай да қалыппын. Әйелдің күнделікті бітпейтін күйбең тірлігіне қарап, ауылдың келіндерінде өздеріне қарайтын уақыт жоқ деп ойлайтынмын. Сөйтсем, барлық нәрсе өзіңе байланысты екен. Алдыңа мақсат қойып, күнделікті тірлігіңді жоспарлап, нақты қадамдар жасайтын болсаң, бәрі де мүмкін екен.

Яғни, арықтағысы келетін қыз-келіншектерге айтарым, тек қана диетамен немесе тек жаттығу жасау арқылы салмақ тастап, сонымен қатар, терінің салбырамауына қол жеткізе алмайсыз. Ол үшін диетаны да қолға алып, күнделікті жүгіру немесе би билеу, жаттығу жасау секілді теріге де пайдалы нәрсені жасауыңыз керек. Сонда ғана, 50-дегі әйелдей емес, 20-дағы қыздай көрінуге мүмкіндік ашылады.


- Халифа Маханбетқызы, арықтау үшін диета мен жаттығу жасау жеткілікті ме?

- Үнемі дұрыс тамақтанып, күнделікті жаттығулармен айналысу үшін адамға өз-өзіне сенім қажет. Сонымен қатар, табандылық та бұл жолда жетістікке жетудің бір кілті іспетті. Қазақта мынадай жақсы сөз бар ғой, «таңертең патшадай ас іш, түскі уақытта ханзададай, ал, кешке қайыршы сияқты тамақтан» дейді. Осы ұстанымды ұстансаңыз, міндетті түрде арықтайсыз дегім келеді. Сонымен қатар, «Арықтауым керек, арықтауға міндеттімін» деп ниет еттің бе, нәтижеге жету үшін тынбай еңбектенуің керек. Қай істе де еңбек берекеге, нәтижеге жеткізеді.


- Қазіргі суреттеріңізге қарап жасарғаныңызды байқауға болады. Осы ретте өзіңізге ең жақын адам - өмірлік жолдасыңыздың пікірі қандай болды?

- Әрине, келіншегінің көз алдында жіптіктей боп жиналуы ол үшін де ерекше жағдай болды. Ол әрине қуанды, әрдайым мақтап отырады. Тіпті, осы күндері қызғанатынды шығарды. Үйден ұзап бір жаққа шықсам телефоныма қоңырау шалып, тыныштық бермейді. Күйеуім маған қайтадан ғашық болып жатқандай!

- Алтын уақытыңызды бөліп, сыр ақтарғаныңыз үшін алғыс білдіреміз! «Әйелмен әлем әдемі» дегендей айналаңызды әдемілікке бөлеп жүре беріңіз!

Сұхбаттасқан: Құрманкүл Өмірзаққызы,

ERNUR.KZ


ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:


Заманауи аппараттармен ЖАТЫП-АҚ арықтауға болады (видео)


Энергияны тасытатын 5+1 азық-түлік