Ал еркектер "ойдағыдай болмады" деп ренжімесін...
иллюстрациялық фото ашық дереккөзден
Бала-шаға деп 25-35 жас арасында басқа-басқа біздің қазақтың некелі жұптары арасында жыныстық қатынас ойдағыдай бола бермейтінін мойындау қажет. Барлығының бірдей бөлек жатын бөлме тұрмақ өз баспанасына да қолы жете бермейтіні ақиқат. Перзентті болуды «құдайдың бергені» деп қабылдап, «жас кезде туып алуды» тағы ойлап, интимді өмірді шетке ысыра тұрады.
Бәлкім, қазіргі жұбайлардың көзқарасы өзгерген болар, бірақ бүгінде 40-қа шыққандар мына жағдайларға жіті назар аударғаны жөн-ақ.
Еркектерге 5 кеңес
- Еркек отбасындағы жатын бөлменің болуын қамтамасыз етуі керек. Әрине, бөлек балалар бөлмесін де. Қонақ бөлмесі болмаса да, осы екеуі және асүйі мен жуынатын бөлмесі бар үйліб олуы –бірінші міндеті отбасының алдында. Егер жасыңыз 40-қа келгенше оны «болдырта» алмасаңыз, «теріске» кетіп, әйеліңізді кінәлауға құқығыңыз жоқ. «Ойдағыдай болмады» деп жыныстық қатынастарыңызға мүлде ренжімей-ақ қойыңыз.
- Жатын бөлмеңіз бола тұра оған кірмесеңіз, мәселе тағы өзіңізде. Әйеліңізбен арадағы интим қатынастың бөлмесі саналатын жерге кірмей теледидар алдында ұйықтауды жақсы көрсеңіз, әйеліңізге тағы өкпелей алмайсыз.
- Жатын бөлмеге жуынып кірмей, үстіңізден мұрын тыжырайтатын иіс шығып тұрғанын сезбесеңіз, сезсеңіз де жуынуға ерінсеңіз, кінәні тағы өзіңізден іздеңіз.
- 40 жаста төсекке жарамай, бойыңызды дерт дендесе, оған әйеліңізді кінәлай алмассыз. Отбасыңызды асырау үшін жұмысбасты болсаңыз да, денсаулығыңыз тек Сізге аманат етілген. Аттан түсуге әлі ерте, ендеше, өзіңізді қолға алыңыз.
- 40-қа жақындаған әйеліңіз жаңа қылық көрсетіп жатса, қуаныңыз. Қуаныңыз да, дер кезінде «аулай» біліңіз. Мәселе екеуіңіздің де пайдаңызға шешілері анық.
Әйелдерге 5 кеңес
- Жатын бөлмедегі еріңіздің орнына баланы жатқызу дұрыс емес. Қанша жерден емешегіңіз үзіліп тұса да, еріңіздің орны да, жөні де бөлек. Егер баланы жақын тартып, еріңізді бойыңыздан алыстатсаңыз, «басқаға кетті» деген өкпеңіз орынсыз болады. Бала балалар бөлмесінде жата алатын жасқа келгенде бөлек жатқызып үйрету – Сіздің міндетіңіз..
- Қабақты түйе бергеннен осы уақытқа келгенше ештеңе ұтпайтыныңызды білген боларсыз?! Керісінше, еркелей сүйкеніп өтудің пайдасы көп екендігі тәжірибе жүзінде «дәлелденген».
- Күйеуіңізбен оңаша қалған сәтте бәрібір ішіңізде көбелек ойнап, ерекше сезімде боласыз, мойындаңыз. Ал тән тоятын тапқаннан соң шекеңіздің құрыс-тырысы тез жазылады, ол да дәлелденген. Ендеше неге жиі солай етпеске?! Әжім түспейді, жиі көрпе бүлкілдетіп тұрған жөн.
- Еріңізге жылы қабақ танытқан сайын жатын бөлменің есігі ішінен жиі кілттенеді. Ертеңіне кез келген тілегіңізді орындайды ғой?! 40-тан асқандағы жыныстық қатынас отбасында жұбайлар арасындағы ұрыс-керісті мүлде болдырмаудың ең бірінші тәсілі.
- Ешқашан еріңізден бөлек көрпе жамылмаңыз. Еркек пен әйел бір көрпе астында жатқанда қуаттары толыға түседі екен. Ал 40 жастан кейін шаршамай-шалдықпай жүру, энергияның тасып жүруі – ең керектісі. Басқалар «ойбай, белім» деп жүрген жерде жеп-жеңіл жүру қай әйелге ұнамасын?!
Ж.Байтұрым,
ERNUR.KZ