Ғалымдардың есебінше, жоғалған мұз көлемі АҚШ-тың құрлықтағы бүкіл аумағын қалыңдығы 1,5 метр мұз қабатымен жабуға жетер еді.
Фото: BILD
ERNUR.KZ. Осылайша, Гренландия мен Антарктиданың 1979-2023 жылдар аралығында шамамен 12,5 триллион тонна мұздан айырылғаны белгілі болды, деп жазады inbusiness.kz.
Соның салдарынан Дүниежүзілік мұхит деңгейі шамамен 3,1 сантиметрге көтерілген. CNN Brazil-дің мәліметінше, зерттеушілер 44 жыл бойы жүргізілген спутниктік бақылау деректерін талдаған. Зерттеуге 27 спутник, соның ішінде NASA миссияларының аппараттары арқылы жүргізілген 45 тәуелсіз зерттеудің нәтижелері біріктірілген.
Зерттеу қорытындысында, мұз массасының жоғалуының бестен алты бөлігіне ауаның жылынуы емес, теңіз суының температурасының көтерілуі себеп болған. Жылы теңіз суы мұздықтарды бүйірінен және астынан шайып, олардың еруін жеделдетеді.
1970-1990 жылдары мұз жамылғылары салыстырмалы түрде тұрақты болған. Алайда 2010 жылдары мұздың еру қарқыны күрт өскен.
2020-2023 жылдары еру қарқыны белгілі бір деңгейде тұрақтағанымен, ғалымдар мұны ұзақ мерзімді үрдістің өзгеруі деп бағалауға асықпайды. Олардың пікірінше, бұл кезеңдегі тұрақтылыққа қысқа мерзімді климаттық ауытқулар әсер етуі мүмкін.
Сонымен қатар, Антарктидада күтпеген жағдай да байқалған. 2021 жылдың шілдесі мен 2023 жылдың сәуірі аралығында құрлықтағы мұз массасы шамамен 695 миллиард тоннаға артқан. Бұған Шығыс Антарктидада жауған рекордтық мөлшердегі қар себеп болған.
Десе де, бұл өсім Антарктиданың батыс бөлігіндегі мұздың азаюын тоқтата алмады. Зерттеулерге сәйкес, 2003-2024 жылдары Антарктида жыл сайын орта есеппен 140,5 миллиард тонна мұз жоғалтқан.


