"15 жылда қазақша сөйлеп кетеміз": Қырғызстандықтар ChatGPT-дің өздеріне қазақша жауап беретініне шағымданды

0
186

Әлеуметтік желіде қырғыз ұлтының өкілдері ChatGPT-ден бірнәрсе сұрасаң, ол жиі қазақша жауап беретінін айтып шағымданды.


Фото: Видеодан скрин

ERNUR.KZ. Олар бұған ашуланып, "осылай кете берсе, он бес жылдан кейін бүкіл жастар қазақша сөйлейді" дейді, деп жазады stan.kz.

Белгілі журналист Сырым Итқұлов желідегі парақшасында бұл бағдарлама көз ілеспес жылдамдықпен жастар арасында ғана емес, барлық мамандықта басты көмекшіге айналып үлгергенін жазды.

"Бұл жағдай мақтануға тұрарлық, себебі біздің қолданушылар алғашқы күндерден бастап ChatGPT-ке қазақша сөйлеу мәнерін, мақал-мәтелдерді үйретіп, елімізге тән визуалдарды (жерлер, мекендер, адамдар) енгізіп келеді. Бағдарламаны ауыл-аймақта да белсенді пайдаланып жатыр. Өйткені кейде ол әдебиет мұғалімінен де көп мақал-мәтел айтып, таза қазақ тілінде диплом жұмысын жазып бере алады", – деді журналист.

Видеода Wikipedia маманы Чоробек Сааданбеков ChatGPT қырғызша сұрағанда арасында қазақша жауап беретінін айтты.

"ChatGPT-ге қазақ тілінің қорынан кірген сөздер өте көп. Қырғыз тілінде жоққа таяу. Сөйтіп біздің тілден таппай қалып, қазақ тілінен алады. Қазір ChatGPT біздің ең негізгі мағлұмат алушы құралымыз болып қалған. Дәл қазір интернет майданында қырғызшаға көңіл бөлмесек, 15 жылда қазақша сөйлеп, жазып кетеміз. Ана тілімізді түсінбей, сезбей қаламыз. Біз мына жақта концепциясын қырғызша жазып, ChatGPT оны қазақша жаза беруі мүмкін. Орысша сөйлегеніміз аздай, ақырындап сол тілде сөйлей бастаймыз. Сонымен қатар орыс тілінің ыңғайына қарай үйлестіріліп жазылады деген сөздерді де қазірден бастап қарауымыз керек", – деп алаңдады қырғызстандық маман.

Еске салайық, бұған дейін мамандар ChatGPT ботын ұзақ уақыт бойы пайдаланған адамдар әртүрлі психикалық ауруларға шалдығуы мүмкін деп ескертті. Жасанды интеллект мазасыздық, эмоциясын ұстай алмау, үнемі жалғыз қалуға асығу сияқты әрекеттерге апарады. OpenAI компаниясы сарапшыларының айтуынша, бүгінде нейрон желіні ақпарат көзі деп емес, досына айналдырғандар да бар екен. Әсіресе, жасөспірімдер боттан кеңес сұрап, ішкі сезімдерін бөлісетін көрінеді.