ОТЫРАР АУДАНЫНА – 90 ЖЫЛ: «Берекелі – алтын күз» іс-шарасы өтті

0
99

Ауданның озат шаруалары марапатталды.


ОТЫРАР АУДАНЫНА – 90 ЖЫЛ: «Берекелі – алтын күз» іс-шарасы өтті

Отырар ауданының 90 жылдық меретойына орай «Берекелі – алтын күз» іс-шарасы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Отырар ауданының 90 жылдық меретойы кең көлемде аталып өтуде. Іс-шара аясында аудан орталығында «Берекелі – алтын күз» ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Мерекелік жиынға келген көпшілік орталық алаңдағы ауыл шаруашылығы өнімдері мен техникаларының, «Отырар шұғыласы» атты қолөнер бұйымдары мен ұлттық құнды жәдігерлердің, көркемсурет және танымдық кітаптар көрмесімен танысты.


Салтанатты іс-шара Отырардың тарихи тұлғаларының шеруімен басталып, одан әрі ҚР Мәдениет қайраткері Хадиша Шалабаеваның орындауындағы Шәмші Қалдаяқовтың «Отырардағы той» әні көрермендерге мерекелік көңіл күй сыйлады.


Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайұлы аудан тұрғындары мен қонақтарын мерейлі мерекемен құттықтап, ауданның озат шаруаларын марапаттады.


Аудан басшысы құттықтау сөзінде:

«Отырар ауданы еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына өз үлесін қосып келеді. Ауыл шаруашылығы, білім, мәдениет, туризм мен инфрақұрылым салаларында жеткен жетістіктер – осы өңір халқының табанды еңбегінің жемісі, елге деген адал қызметінің нәтижесі деп білемін. Тарихы терең, тағылымы мол Отырардың 90 жылдық мерейтойы – өткенге тағзым етіп, келешекке сеніммен қадам басатын тарихи сәт. Бұл мерейлі белес ауданның жарқын болашағына деген жаңа серпін, жаңа бастамалардың бастауы болсын» - деді.


Іс-шарада аудандық мәслихаттың төрағасы Уәлихан Ұзақов та тұрғындарды мерейтоймен құттықтап, өңірдің дамуына үлес қосқан азаматтарға «Отырар ауданына – 90 жыл» мерекелік медалін табыстады. Сондай-ақ, мемлекет және қоғам қайраткерлері Орынбай Рахманбердиев, Қуаныш Айтаханов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов, ғалым, ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор Әбдірахман Омбаев, қоғам қайраткерлері Созақбай Әбдіқұлов пен Кенжехан Төлебаев жүрекжарды лебіздерін жеткізді.


Мерекелік іс-шара одан әрі концерттік бағдарламаға ұласып, Берік Сексенбек, Хадиша Шалабаева, Ермахан Әшіров, «Алатау voice» тобы, Нұрлан Балтақожа, Зере Жүнісбай, Айдос Омаров, Досхан Одаманов сынды ауданнан шыққан өнер жұлдыздары әннен шашу шашты.

Бөлісу