"Анамның қоңырауына жауап бергім келмейді": отбасын асырап жүрген бойжеткен ренішін айтты

0
279

Олар өз мойнындағы ата-ананың міндетін маған артып қойған секілді.


Сурет: st4.depositphotos.com

Көптеген ата-аналардың қыз баласына көп жүк артатыны жасырын емес. Мойнына артылған ауыр жүкті лайықты арқалауға тырысып жүрген бойжеткеннің ERNUR.KZ порталына жолдаған хаты еріксіз ойландырады.


"Жастайымнан еңбекқор болып өстім. Ол үшін әрине, ата-анама рахмет айтамын. Сол кісілер мені еңбекке баулыды, жақсы тәрбие берді. Он алты жасымнан бастап жұмыс істеп келемін.

Ата-анамның тұрмыстық жағдайлары орта, оның үстіне мен отбасындағы тұңғыш бала болғандықтан ата-анама қолғабыс етейін, көмек берейін деп жұмыс істеп жүрдім. Тапқанымды анама беретінмін. Студенттік шақта да ата-анамнан ақша сұрамайтынмын. Тегін оқыдым, стипендиям бар. Одан қалса, баяғы әдетім бойынша сабақтан бос уақытта қарап жата алмаймын. Тиын-тебен түсетін жұмыстар болса да істеп келетінмін.

Ата-анам менің өз күнімді өзім көретініме, одан қалса оларға да ақша жіберіп тұратыныма әбден үйренген. Содан бері қаншама жыл өтті, өзімнен кейінгі інім де есейді.

Негізі отбасында төрт баламыз. Менен кейін екі інім, бір сіңлім бар. Сіңлім кішкентай, мектеп оқушысы. Ал өзімнен кейінгі інім отбасының жауапкершілігін өз мойнына алатындай жасқа жеткен.

Бірақ неге екенін білмеймін, інімнің оқуын бітіріп, қолына дипломын алған соң да жұмысқа кіретін ойы жоқ. "Ата-анама көмектесейін" деген ниеті жоқ секілді. Ал мен болсам студент кезімде жұмыс істеймін деп жігітпен сөйлесуге уақытым да болмады. Таңертең сабақ, түстен кейін жұмыс. Бір бос уақытым болмайтын.

Қазір тұрақты жұмысқа орналасқалы бері әке-шешем бұрынғыдан да көп талап ететін болыпты. "Ақша жарата берме, шығындарыңды азайт. Бізге көбірек бер, артылғанын жинаймыз. Бір күні інің үйленем деп қалса қолымызда бірдеңе болуы керек қой" дейді. Олар өз мойнындағы ата-ананың міндетін маған артып қойған секілді.

Шыны керек, соңғы кездері айдың соңы жақындай бергеннен «Айлығың түсті ме?» деп хабарласатын анамның қоңырауына жауап бергім де келмейтін болыпты. Мұның дұрыс еместігін іштей біліп тұрамын. Бірақ ол неге мені түсінбейді, білмеймін. Ақырындап айтып та көрдім.

«Анашым, енді балаңыз тапсын. Мен өз тапқанымды өзіме жаратайын. Тым болмаса, ертеңгі күні сіздер қиналып қалмас үшін, өзімнің жасауымды жинайын. Ертелі-кеш тұрмысқа да шығуым керек қой» дегенімді түсінгісі келмейтін сияқты. «Тұрмысқа шығып жатсаң, бір мәнісі болар. Қазір жинап қойсаң, жасауың ескі сәнде қалып кетпей ме? Одан да сол кезде жаңа шыққан сәнді дүниелерді аламыз, уайымдама» деп жұбатқан болады.

Бірақ, оның барлығын қайдан жасап бермек? Өздері маған әбден арқа сүйеп алған. Бұлай жүре берсем, қашан жігітпен танысып, қашан тұрмысқа шығамын? Өз өмірімді қашан сүремін, білмеймін.

Бұл мүлдем дұрыс емес. Енді мен бір шешімге келдім. Ата-анам ренжісе де алдымен өз қалауларымды орындап, одан артылса ғана ата-анам мен бауырларыма қарайласамын деп шештім. Білмеймін, бұл менің қолымнан келер ме екен?"