Ғалымдар жер бетіндегі ресурстардың таусылатынын айтты.
ERNUR.KZ. Адамзат баласының жер бетіндегі ресурстарды пайдалану қарқыны қазіргіден бәсеңдемесе жақын уақытта қоғам толық құрдымға кетуі мүмкін, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
1972 жылы Массачусетс технологиялық институтының профессор Джей Форрестер бастаған ғалымдары адамзат эволюциясының математикалық моделін жасап шығарған болатын. Ғалымдар тобы қазіргі өркениеттің одан әрі дамуына 12 түрлі сценарий әзірлеген. Олардың есебінше, 2040 жылға қарай Жер бетіндегі ресурстар сарқылады және ауыл шаруашылығы мүлдем ақсайды. Соның салдарынан жер бетінде аштық болып, адамдар жаппай қырылуы ықтимал. Бұған тағы экологиялық проблемалар қосылады, ол экономикалық дамуды тежеп, жаңа ауру түрлерін алып келеді.
Жер бетіндегі дағдарыстың ең басты себебі – адам санының шамадан тыс артып кетуі, тиісінше олардың тұтынатын ресурсы тез сарқылады.
Массачусетс ғалымдарының болжамы 50 жыл бұрын жасалса да өзектілігін жоғалтқан жоқ дейді қазіргі заманның ғалымдары. Егер адамдар шұғыл шара қолданбаса, расымен де аздаған уақытта баршамызды коллапс күтіп тұр дейді KPMG халықаралық аудиторлар компаниясы жүйесінің бөлім жетекшісі Гайя Херрингтон. Оның зерттеуі Yale Journal of Industrial Ecology журналында жарияланған.
Херрингтон зерттеуін негізгі он индикатор бойынша жүргізген: халық саны, туу көрсеткіші, өлім көрсеткіші, өндіріс, азық-түлік өндірісі, қызмет көрсету, жаңартылмайтын ресурстар, ауаның ластануы, адамдардың хал-ахуалы және экология. Әлемдегі жағдайды зертей келе ғалым 50 жыл бұрынғы жасалған математикалық модель қателеспейтінін мойындады. Яғни, адамзат баласы көп ұзамай аса үлкен проблемалармен бетпе-бет келеді деді ол.