Хуситтердің жойқын шабуылынан кейін Сауд Арабиясында өтетін Азия кубогы өтпейтін болды

0
237

​Ұйымдастырушылар жарысты 11 айға шегерді.


Хуситтердің жойқын шабуылынан кейін Сауд Арабиясында өтетін Азия кубогы өтпейтін болды

Фото: freepik

ERNUR.KZ. Сауд Арабиясында 2027 жылы өтуі тиіс футболдан Азия кубогы бір жылға кейінге шегерілді. Азия футбол конфедерациясы енді турнирді 2027 жылғы 23 желтоқсан мен 2028 жылғы 21 қаңтар аралығында өткізбекші, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Reuters агенттігінің мәлімдеуінше, Сауд Арабиясында 24 құрама қатысатын құрлықтық біріншілік 2027 жылғы 7 қаңтар мен 5 ақпан аралығында өтуі керек еді. Бірақ Иран қолдайтын Йемендегі хуситтер қозғалысы Сауд Арабиясына шабуыл жасап, көлік қатынасын үзіп тастады. Олардың Эр-Рияд халықаралық әуежайына жасаған соққысынан кемінде 12 адам қаза тауып, 300-ден астам адам жараланды. 2 қарашада хуситтер Даммам әуежайына қарай дрондар жібергенін хабарлады.

Сауд Арабиясы турнирді өткізуге дайын болған

Азия кубогының жергілікті ұйымдастыру комитетінің басшысы Яссер әл-Мишельдің айтуынша, Сауд Арабиясы жарысты өткізуге толық дайын болған. Оның сөзінше, ұйымдастырушылар жаңа кестеге сәйкес дайындықты жалғастырып, Азия футбол конфедерациясымен және серіктестерімен бірлесіп жұмыс істейді.

Сауд Арабиясы Азия кубогын үш рет жеңіп алғанымен, құрлықтық біріншілікті осы уақытқа дейін қабылдамаған. Ел үкіметі соңғы жылдары спорт саласына қомақты қаржы бөліп келеді. 2027 жылғы Азия кубогы 2034 жылы өтетін футболдан әлем чемпионатына дайындықтың бір кезеңі ретінде қарастырылған.

Турнир мерзімінің өзгеруі ұлттық құрамалардың бас бапкерлеріне де әсер етуі мүмкін. Себебі Аустралия құрамасының бапкері Тони Попович, Жапония құрамасының бапкері Хадзимэ Мориясу және Ирак құрамасының бапкері Грэм Арнольдтің келісімшарттары 2027 жылдың басында аяқталады.

Сауд Арабиясындағы басқа жарыстар да кейінге шегерілді

Сауд Арабиясындағы қауіпсіздік пен көлік қатынасына байланысты қиындықтар өзге спорттық жарыстарға да әсер еткен.

Азия гольф туры Saudi International турнирін белгісіз мерзімге кейінге қалдырды. Қалалық велоспорттан әлем чемпионаты тоқтады. Эр-Риядта өтетін Six Kings Slam теннис турнирі қазаннан желтоқсанға ауыстырылды. Сондай-ақ ФИФА Джиддада өтетін FIFAe Finals 2026 финалдық жарысын белгісіз мерзімге шегерді.