АҚШ-та өз туысының дауысын ажырата алмағандар алданып жатыр

0
1 894

АҚШ-та бір жылда киберқылмыс саны 10 есе өскен.


 АҚШ-та өз туысының дауысын ажырата алмағандар алданып жатыр

ERNUR.KZ. Deepfake арқылы кез келген адамның дауысын айнытпай салу мүмкіндігі артқалы алаяқтық көбейіп барады. Қарапайым тұрғындар өзге түгілі өз туысының дауысын ажырата алмай алданып қалып жатыр, деп жазады 24.kz.

Телефон алаяқтарынан зардап шеккен мыңдаған америкалықтың бірі -Дженнифер ДеСтефано. Қазір белгісіз біреу қоңырау шалса, мүлдем жауап бермейтін болған. Жыл басында бейтаныс нөмірден он бес жастағы қызы Бриананың үрейленген дауысын естіп қатты шошып қалған.

Дженнифер Дестефано, телефон алаяқтарынан зардап шегуші:

«Мен қызымның: «Анашым, бұл адамдар мені ұрлап кетті. Маған көмектесші. Маған көмектесші» деген дауысын естіп қатты шошыдым. Сол кезде телефонды басқа кісі алып, «мені мұқият тыңда. Егер полицияға қоңырау шалсаң, қызыңа есірткі егіп, Мексикаға тастаймын. Ешқашан қайта көре алмайсың деді».

Қылмыскерлер Джениферден қызын босату үшін бір миллион доллар талап еткен. Не істерін білмей шошынған ана көшеге шығып шыңғыра бастайды. Дереу көмекке келген көршілері полицияға хабарласып, кейіннен телефон алаяқтарының әрекеті екенін түсінеді. Содан кейін ғана есін жиған Дженнифер бірден қызына телефон соғады. Бірақ баласы бірден телефон көтермейді, өйткені тауда шаңғы теуіп жүрген. Дегенмен қызымен бірге жүрген күйеуі байланысқа шығады. Осыдан соң ғана алаяқтардың жасанды интеллект арқылы қызының дауысын өңдеп алғаны анықталды.

Дженнифер Дестефано, телефон алаяқтарынан зардап шегуші:

«Дауыс өте ұқсас болды. Жүз пайыз қызымдікі деп ойладым. Еш күмән болған жоқ».

Қазір интернетте алаяқтар жасанды интеллектің көмегімен даусыңызды бірнеше секундтың ішінде айнытпай сала алады. Ол үшін әлеуметтік желідегі парақшаңыздан кез-келген аудио жазбаңызды жүктеп алса жеткілікті. Өзгенің дауысын пайдалануға мүмкіндік беретін сайттар да аз емес. Сондықтан Федералды тергеу бюросының бұрынғы өкілі Рич Франкель киберқылмыстың мұндай түрін тоқтату қиын болады дейді.

Рич Франкель, Федералды тергеу бюросының бұрынғы агенті:

«Егер сіз мұндай жағдайға тап болсаңыз бірінше кезекті көмек сұраған адамның өзіне тікелей хабарласыңыз. Сонда ғана алаяқтық әрекеттің бар-жоғына көз жеткізесіз. Егер шынымен де адам ұрлау қылмысы болса, онда құқық қорғау органдарының көмегіне жүгініңіз».

Киберқылмыс жиілеп, мыңдаған америкалық қомақты қаржысынан қағылды. Федералды тергеу бюросының мәліметіне қарағанда кибералаяқтар бір жылдың ішінде халықтың шамамен $10 млрд долларын қолды қылған. Өткен жылға қарағанда биыл мұндай қылмыс он өсе көп тіркелген. Сондықтан Конгресс жасанды интеллектіні ретсіз пайдалануға тыйым салатын заң жобасын әзірлеп жатыр