Соңғы рет рекордтық температура 2015 жылдың наурызында тіркеліп, 17,5 градусты көрсеткен.
ERNUR.KZ. Антарктидада метеобақылау тарихындағы ең жоғары температура тіркелді. Аргентиналық мамандардың хабарлауынша, мұнда ауа температурасы 18,3 градусқа дейін жеткен. Жалпы метеобақылау 1961 жылдан бері жүргізіліп келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Сөйтіп, соңғы рет рекордтық температура 2015 жылдың наурызында тіркелген болатын. Ол кезде термометр бағаны 17,5 градусты көрсеткен. Мамандардың пайымдауынша, бұл жаһандық жылыну салдары болуы мүмкін. Соның кесірінен Антарктидада жыл сайын шамамен 160 текше шақырым көлемдегі мұз ериді екен. Сөйтіп мұздың үстіңгі қабаты 2 сантиметрге жұқарып отырады.
- Рекордтық температура Антарктида түбегінің қиыр солтүстігіндегі Эсперанса ғылыми-зерттеу стансасында тіркелген. Бұл жағдай бізді алаңдатып отыр. Өйткені 1979 жылдан 2017 жылға дейін еріп кетіп жатқан мұздың көлемі 6 есеге артқан, - дейді дүниежүзілік метеорологиялық ұйым өкіл Клэр Нуллис.