Ата-анасы 10 жасар ұлын әуежайда тастап, демалысқа кетіп қалмақ болған

0
122

Оқиға Барселонадағы Эль-Прат әуежайында болған.


Ата-анасы 10 жасар ұлын әуежайда тастап, демалысқа кетіп қалмақ болған

Фото: canva

ERNUR.KZ. Ата-ананың бұл әрекеті әлеуметтік желіде үлкен наразылық тудырды, деп жазады inbusiness.kz.


Оқиға Барселонадағы Эль-Прат әуежайында болған. Онда отбасы демалысқа ұшпақ болған кезде, 10 жастағы ұлдарының жарамды құжаттары жоқ екені анықталып, оның рейске отыруына тыйым салынған.

Ата-аналар екінші балаларымен бірге ұшуды шешіп, 10 жасар ұлдарын әуежай терминалында жалғыз қалдырған. Олар баланы туыстарының бірі келіп алып кетеді деп ойлаған. Ал өздері рейске үлгеру үшін кетіп қалған. Авиакомпания координаторының айтуынша, баланың Испания төлқұжаты болғанымен, сапарға қажетті виза болмаған.

Ата-аналар туыстарына хабарласып, баланы күтіп алуды сұраған. Осылайша олар демалыс жоспарын бұзбаймыз деп ойлаған. Бірақ олар ұшуға кеткен кезде бала терминалда жалғыз қалған.

Оқиғаның видеосын TikTok-та жариялаған авиакомпания қызметкері ата-аналардың әрекетін қатаң сынға алды. "Мен – авиакомпанияның координаторымын және көп нәрсе көргенмін, бірақ бұл – нағыз сюрреализм", – деді ол.

Әуежай әкімшілігі бұл жағдайдан хабардар болған соң, дауыс зорайтқыш арқылы бірнеше рет хабарлама жасаған. Бірақ баланы ешкім иеленбеген соң, қауіпсіздік қызметі мен полиция араласты. Нәтижесінде ата-аналар мен екінші баласы рейске мініп үлгермей, олар полиция бөлімшесіне жеткізілді. Ол жерде 10 жастағы ұлдары да болған.

Әуежай қызметкерінің айтуынша, бұл жағдайдағы ең таңқаларлық нәрсе – ата-аналардың өз ісіне ешқандай айып көрмегені. Олар өз әрекетін "қалыпты" деп есептеген.