АБЬЮЗЕР мен МАНИПУЛЯТОРлар жайлы үздік 8 ФИЛЬМ

0
199

Олар қарым-қатынастағы «қызыл жалауларды» тануға үйретеді


АБЬЮЗЕР мен МАНИПУЛЯТОРлар жайлы үздік 8 ФИЛЬМ

Сурет: ЖИ

Киногерлер көрерменге романтикалық әсер сыйлау үшін ештеңеден аянбайды. Кейде фильмдегі әдемі сөздер, ыстық ықылас пен ессіз махаббаттың артында нағыз манипуляция мен бақылау жасырынып жатады. Абьюзер кадрға «Мен зорлықшымын!» деп бірден қорқынышты музыкамен кірмейді. Оның қызғанышы «бақылауға көнбейтін сезім», ал шектеулері «сүйген жанның қамқорлығы» болып көрінуі мүмкін.

Қарым-қатынастағы абьюз туралы фильмдерді зұлым кейіпкердің әшкереленуін қызықтау үшін емес, басқару мен бағындыру тәсілдерін тану үшін көрген пайдалы. Сонымен қатар әрбір жағымсыз, өзімшіл немесе қатыгез кейіпкер нарцисс бола бермейді. Ал экрандағы мінез-құлыққа қарап клиникалық диагноз қоюға болмайды.


Бұл топтамада біз кейіпкерлердің нақты әрекеттерін – манипуляция, газлайтинг, оқшаулау, құнсыздандыру, қаржылық бақылау және зорлық-зомбылықты талдап, олардың жәбірленушіге қалай әсер ететінін қарастырамыз.


«Күйініш» («Provoked», 2006)

Үндістаннан Ұлыбританияға тұрмысқа шыққан Киренджит он жыл бойы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа төзіп, соңында ұйықтап жатқан күйеуін өртеп жібереді. Фильм қылмысты ғана емес, оған дейінгі жылдар бойғы қорлық пен әділдік жолындағы күресті көрсетеді.

«Қызыл жалаушалар»: қорқыту, оқшаулау, үнемі үрейде ұстау.


«Үлкен көздер» («Big Eyes», 2014)

Суретші Маргарет Кин балалардың портретін салады. Ал күйеуі Уолтер бұл туындыларды өз атынан сатып, даңққа бөленеді. Әйелін «шындықты айтсаң, отбасымыз бұзылады» деп сендіріп, жылдар бойы еңбегін иемденеді.

«Қызыл жалаушалар»: біреудің жетістігін иемдену, қаржылық қанау, психологиялық қысым.


«Қымбатты Элис» («Alice, Darling», 2022)

Элис жігіті Саймонның көңіл күйіне үнемі алаңдап, құрбыларымен кездеспеу үшін сылтау іздейді. Бойжеткен оның ашуын тудырмау үшін өзін-өзі шектеуге үйреніп алған. Туындыда шектен шыққан қызғаныш пен толық бақылау көрініс табады.

«Қызыл жалаушалар»: әр қадамына есеп беру, жақындарынан алыстау, өз қалауы үшін кінәлі сезіну.


«Жаумен бір төсекте» («Sleeping with the Enemy», 1991)

Сырт көзге мінсіз көрінетін отбасында күйеуі әйелінің әр ісін қатаң бақылап, ережеден сәл ауытқыса қатал жазалайды. Құтылу үшін Лора өз өлімін ұйымдастырып, жаңа өмір бастауға мәжбүр болады.

«Қызыл жалаушалар»: ауруға айналған қызғаныш, киім мен жүріс-тұрысты бақылау, физикалық күш көрсету.


«Газ жарығы» («Gaslight», 1944)

Күйеуі Грегори үйдегі заттарды әдейі жасырып, шам жарығын бәсеңдетіп, орнын ауысырып, түрлі «ойындар» ойнайды. Өзгерістерді байқаған әйелі Полаға «Бұл бұрыннан осындай, бәрі саған елестеп жүр, есіңнен адаса бастадың» деп сендіреді. Дәл осы фильмнің атауынан психологиядағы өзіңе деген сенімді жоғалту әдісін сипаттайтын «газлайтинг» термині шыққан.

"Қызыл жалаушалар": анық нәрсені жоққа шығару, құрбанды айналасына психикалық тұрақсыз етіп көрсету.


«Мен ұйықтап кетпей тұрып» («Before I Go to Sleep», 2014)

Жарақаттан кейін Кристин күн сайын таңертең өткен күнді ұмытып оянады. Күйеуі осыны пайдаланып, оған өткен өмірінің ойдан шығарылған нұсқасын күн сайын қайта баяндап береді.

«Қызыл жалаушалар»: ауруды өз пайдасына асыру, ақпаратты жасыру, өткенді бұрмалау.


«Қамауда» («Run», 2020)

Мүгедектер арбасына таңылған Хлоя анасының қамқорлығынсыз өмір сүре алмайтынына сенімді. Алайда колледжге түсер алдында анасының «қамқорлығы» қызын әдейі дәрменсіз күйде ұстау үшін жасалған айла екенін аңғарады.

«Қызыл жалаушалар»: жасанды тәуелділік тудыру, дербестікке кедергі келтіру.


«Қорғаншылық» («Jusqu'à la garde», 2017)

Ажырасқаннан кейін де агрессор бұрынғы әйелінің өміріне араласуын тоқтатпайды. Сот тағайындаған кездесулерді пайдаланып, ортақ балалары арқылы әйелге қысым көрсетуін жалғастырады.

«Қызыл жалаушалар»: балаларды манипуляция құралына айналдыру, аңду, ажырасқаннан кейінгі қысым, сталкинг.


Бұл фильмдер шынайы әйелдердің тағдырына негізделген. Алайда тіпті биографиялық киноның өзі көркем туынды болып қалады. Авторлар оқиғаларды қысқартады, кейіпкерлерді біріктіреді және драмалық сахналар қосады. Сондықтан оны деректі реконструкция ретінде қабылдауға болмайды.


Кино кәсіби психологтың орнын баса алмайды. Бірақ өз қарым-қатынасыңыздағы байқамай жүрген нәрселерді аңғаруға мүмкіндік береді.

Дайындаған: Х. ОРАЛ,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

Атақты «КАЛЬМАР ОЙЫНЫ» сериалының жалғасы қашан шығады?