БАӘ Израиль компанияларын Дубай әуесалонынан шығарып тастады

0
95

​Израиль қорғаныс компаниялары халықаралық көрмеден шеттетілді.


БАӘ Израиль компанияларын Дубай әуесалонынан шығарып тастады

Фото: AP

ERNUR.KZ. Біріккен Араб Әмірліктері 2025 жылдың қарашасында өтетін Дубайдағы ірі халықаралық авиасалонға Израиль қорғаныс компанияларының қатысуына ресми түрде тыйым салды. Бұл туралы Израиль Қорғаныс министрлігі мен компания басшыларына 10 қыркүйек күні хабарланған, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Ресми мәлімдемеде шешім қауіпсіздік талаптарына сай дегенімен, израильдік БАҚ таратқан деректерге сәйкес, басты себеп 9 қыркүйекте Израиль әскери-әуе күштерінің Катарға жасаған әуе соққысы. Бұл қадам Парсы шығанағы елдерінің қатаң сынына ұшырады.

ОАЭ президенті шейх Мұхаммед бен Заид Дохаға арнайы сапармен барып, Катарға қолдау білдірді және шығанақ елдерінің бірлігін атап өтті. Сауд Арабиясы мен Кувейт те бұл әрекетті халықаралық құқықты бұзу деп бағалап, Катарға қолдау көрсетті.

Сауд Арабиясының мұрагер ханзадасы Мұхаммед ибн Салман Израильдің әрекетін «агрессия» деп атап, араб және ислам елдерін, сондай-ақ халықаралық қауымдастықты бірлескен шараларға шақырды.

«Біз Катар мемлекетінің кез келген шешімін қолдаймыз және оған бар мүмкіндігімізді жұмсаймыз», - деді ол.

ОАЭ-нің Израиль компанияларын авиасалоннан шығару туралы шешімі Таяу Шығыстағы шиеленістің күшейгенін көрсетеді. Бұл қадам аймақтағы дипломатиялық қарым-қатынастарға тікелей ықпал етуі мүмкін.