ДДСҰ дабыл қақты: Масадан тарайтын вирус белең алды

0
136

Мамандар зиянкестерден сақ болуға шақырады.


ДДСҰ дабыл қақты: Масадан тарайтын вирус белең алды

Фото: Caliber.Az

ERNUR.KZ. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы маса арқылы таралатын чикунгунья вирусының қаупі туралы ескертіп отыр, деп жазады inbusiness.kz.

Ұйымның қызметкері Диана Рохас Альварестің сөзінше, жылдың басында Үнді мұхиты аймағындағы Реюньон, Майотта және Маврикий аралдарында тіркелген вирус қазірдің өзінде Еуропа мен басқа да құрлықтарға жетті. Вирус Мадагаскар, Сомали мен Кения сияқты елдерде таралып, Оңтүстік-Шығыс Азияда, соның ішінде Үндістанда індет белгілері байқалып жатыр.

"1 мамырдан бері Францияда чикунгунья вирусын сырттан жұқтырып әкелген 800-ге жуық жағдай тіркелді. Елдің оңтүстігіндегі бірнеше аймақта ауру жұқтырудың 12 оқиғасы анықталды. Бұл адамдар індет тараған елдерге бармай-ақ, жергілікті масалардан жұқтырған. Өткен аптада осындай бір жағдай Италияда жағдай тіркелді", – деді ДДСҰ өкілі.

Диана Рохас Альварес 119 елдегі 5,6 млрд-қа жуық адамның чикунгунья вирусын жұқтыру қаупі бар аймақта тұрып жатқанын жеткізді. Бұл вирусқа қарсы арнайы ем жоқ екені де айтылды.

"Негізінен бұл Aedes тұқымды масалар арқылы, соның ішінде денге мен зика вирустарын да тарататын маса арқылы беріледі. Бұл зиянкестер күндізгі уақытта белсенді", – делінген хабарламада.

Чикунгунья вирусының індеті 2004–2005 жылдары тіркелді. Ол уақытта шағын аралдарда тұратын жарты миллионға жуық адам ауырды.

Айта кету керек, бұған дейін Қытайда маса арқылы таралатын қауіпті вирус өршіп тұрғанын жазғанбыз.