Ердоған – Түрікменстанның құрметті ақсақалы атанды

0
865

Бердімұхамедов Ердоғанды барша түрікмен халқының атынан шын жүректен құттықтап, зор денсаулық, бақыт және отбасылық келісім, ал Түркия Республикасының халқына бейбітшілік, одан әрі даму мен гүлдену тіледі.


Ердоған – Түрікменстанның құрметті ақсақалы атанды

ERNUR.KZ. Бүгін, 26 ақпанда Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған 70 жасқа толды. Осыған байланысты Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедов Ердоғанға «Түрікменстанның құрметті ақсақалы» атағын берді, деп жазады inform.kz.

«Түрікмен халқына көп ғасырлық тату көршілік дәстүрін ұстана отырып және аға ұрпақ өкілдерін құрметтей отырып, Түрікменстан-Түркия қарым-қатынастарын дамытуға қосқан зор жеке үлесіңізді, халықтарымыздың бірлігі жолындағы қызметтеріңізді жоғары бағалай отырып, 70 жылдық мерейтойыңызға орай Сізге Түрікменстанның «Hormatly il ýaşulusy» («Түркіменстанның құрметті ақсақалы») құрметті атағын беру туралы шешім қабылданды», – делінген Бердімұхамедовтың Ердоғанға жолдаған құттықтау хатында.

Бердімұхамедовтың айтуынша, елдің сыртқы саясатының маңызды бағыттарының бірі Түркиямен түрлі салалардағы стратегиялық және ұзақ мерзімді қарым-қатынастарды дәйекті түрде дамытып, нығайту болып табылады. Түрікменстан Президенті сондай-ақ екі елдің халықаралық ұйымдар, соның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Түркі мемлекеттері ұйымы аясындағы табысты ынтымақтастығын атап өтті.

Оның айтуынша, Түркия Түрікменстанның ірі сыртқы сауда серіктестерінің бірі болып табылады және елдегі экономикалық жобаларды жүзеге асыруға қатысатын көптеген түрік компаниялары Түрікменстан экономикасын әртараптандыруға және әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға үлес қосуда.

Бердімұхамедов Ердоғанды барша түрікмен халқының атынан шын жүректен құттықтап, зор денсаулық, бақыт және отбасылық келісім, ал Түркия Республикасының халқына бейбітшілік, одан әрі даму мен гүлдену тіледі.

Ақпарат үшін, Режеп Тайип Ердоған 1954 жылы 26 ақпанда Ыстанбұлдың Бейоғлу ауданына қарасты Касимпаша ауданында жағалау күзетшісінің отбасында дүниеге келген. Ол 2014 жылдың 28 тамызынан бері Түркияның қазіргі президенті. Бұған дейін Ердоған 2003-2014 жылдары Түркия премьер-министрі, 1994-1998 жылдары Ыстанбұл мэрі қызметін атқарған. Ол биліктегі «Әділет және даму» партиясының негізін қалаушы.