Этникалық халқы – қырғыздар: Өзбекстандағы екі ауыл Қырғызстан құрамына өтті

0
136

​Қырғыз тарапы Өзбекстанға аумағы дәл сондай жер учаскелерін берді.


Этникалық халқы – қырғыздар: Өзбекстандағы екі ауыл Қырғызстан құрамына өтті

Фото: Freepik

ERNUR.KZ. Өзбекстанмен мемлекеттік шекараны демаркациялау аясында екі елді мекен – Чонгара мен Таш-Тобо ауылдары Қырғыз Республикасының құрамына өтті. Бұл туралы Қырғызстан президентінің баспасөз хатшысы Аскат Алагозов мәлімдеді, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Оның айтуынша, бұған дейін Өзбекстан Республикасының Ферғана облысына қарасты ауылдардың 2,5 мыңға жуық тұрғыны – этникалық қырғыздар. Енді олар Қырғызстан азаматтығын алады. Қырғыз тарапы Өзбекстанға шекара маңындағы аймақтан аумағы дәл сондай жер учаскелерін берді.

Сонымен қатар, Сай ауылынан Таян ауылына дейін автомобиль жолын салу үшін жалпы ауданы 236 гектар болатын жер учаскелерін алмасу жүзеге асырылды. Бұл жол арқылы Баткен облысының тұрғындары Айдаркеннен Баткенге тезірек жете алады. Қазіргі айналып өтетін 225 шақырымдық жол 55 шақырымға дейін қысқарады.

Еске сала кетейік, екі елдің сыртқы істер министрлері қырғыз-өзбек мемлекеттік шекарасының жекелеген учаскелері туралы шартқа 2022 жылдың қарашасында қол қойған болатын. Ал 2023 жылдың қаңтарында Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің Бішкекке жасаған мемлекеттік сапары аясында екі ел басшылары ратификациялық грамоталармен алмасқан еді.