Германияда су тасқынынан 130-дан аса адам мерт болды

0
862

Мәлімет бойынша, Солтүстік Рейн-Вестфалия жерінде кемінде 43 адам қайтыс болды, ал Рейнланд-Пфальцте табиғи апат 90 адамның өмірін қиды.


Германияда су тасқынынан 130-дан аса адам мерт болды

ERNUR.KZ. Германияның батысындағы Рейнланд-Пфальц және Солтүстік Рейн-Вестфалия федералды жерінде су тасқынынан кем дегенде 133 адам қайтыс болды. Бұл туралы Bild полицияға сілтеме жасап мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Мәлімет бойынша, Солтүстік Рейн-Вестфалия жерінде кемінде 43 адам қайтыс болды, ал Рейнланд-Пфальцте табиғи апат 90 адамның өмірін қиды.

Сәрсенбіге қараған түні басталған су тасқынынан елді мекендерді су басты, көпірлер мен жолдар бұзылып, электр желілері үзілді.

Сонымен қатар, Германияның батысындағы Солтүстік Рейн-Вестфалия федералды жеріндегі Рур өзеніндегі бөгеттің жарылуынан 700-ге жуық адам эвакуацияланды.

Зардап шеккен аймақтарда құтқару қызметтері жұмысын бастап кетті.

Фото: REUTERS

Бельгияда су тасқынынан кем дегенде 20 адам қаза болды. Бұл туралы DW.com хабарлады. Бельгия премьер-министрі Александр де Кроо 20 шілдені ұлттық аза тұту күні деп жариялады. Кем дегенде 20 адам хабар-ошарсыз кетті, су тасқыны салдарынан ондаған үй қирады.

Үкімет басшысы бұл апат елдегі ең ірі су тасқыны болуы мүмкін екенін айтты. "Көптеген елді мекендегі жағдай өте қиын, - деді ол. Патшалықтың шығысындағы Льеж провинциясы ең көп зардап шекті. Ал Пепенстер қаласында 20 үй қирады.

Тоқтаусыз жауын-шашынды әкелген "Бернд" циклоны Бельгиямен көршілес елдерді де айналып өтпеді. Мысалы Нидерландының оңтүстігіндегі Маас өзенінің маңында тұратын мыңдаған адам үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды. Венло қаласында екі жүз науқасы бар аурухана эвакуацияланды. Маастрихт маңындағы арналардың бірінде бөгет қирады.

Нидерландыда Бельгия мен Германияға қарағанда табиғи апаттан қаза тапқандар жоқ.