АҚШ Геологиялық қызметінің (USGS) деректеріне сәйкес, дүйсенбі күні Индонезияның шығыс жағалауында 6,7 магнитудалы жер сілкінісі болды.
Фото: Азертадж
ERNUR.KZ. Индонезияда жыл сайын шамамен 7 мыңға жуық жер сілкінісі тіркеледі, деп жазады inform.kz.
АҚШ Геологиялық қызметінің (USGS) деректеріне сәйкес, дүйсенбі күні Индонезияның шығыс жағалауында 6,7 магнитудалы жер сілкінісі болды. Дегенмен, мониторинг нәтижесінде цунами қаупі жоқ екені анықталды. Эпицентр Малуку шығыс провинциясындағы Туал қаласынан батысқа қарай 177 шақырым жерде, 66 шақырым тереңдікте орналасқан.
Тынық мұхиты цунамиден ерте ескерту орталығы да цунами қаупі жоқ екенін мәлімдеді. Ал Индонезияның геофизикалық агенттігі әлеуметтік желіде «жер сілкінісі цунами туғызу қаупіне ие емес» деп жазды. Қазіргі таңда материалдық шығын немесе адам шығыны туралы ақпарат жарияланған жоқ.
Индонезия — архипелагтық мемлекет, ол Тынық мұхитының «отты белдеуі» деп аталатын, сейсмикалық белсенді аймақта орналасқан. Бұл аймақ — Жапониядан Оңтүстік-Шығыс Азия арқылы Тынық мұхиты жағалауына дейін созылып жатқан, литосфералық плиталар түйісетін жер.
Айта кетейік, 2021 жылғы қаңтарда Сулавеси аралында болған 6,2 магнитудалы жер сілкінісінен 100-ден астам адам қаза тауып, мыңдаған адам баспанасыз қалған болатын.