Иран Израильге соққы жасап, 300-ге жуық баллистикалық зымыран ұшырды

0
155

Иран билігі операцияны агрессивті әрекетке жауап ретінде бастағанын мәлімдеді.


Иран Израильге соққы жасап, 300-ге жуық баллистикалық зымыран ұшырды

Фото: Видеодан скрин

ERNUR.KZ. 13 маусым күні кешке Ислам революциясының Сақшылар корпусы Израильге қарсы "Шынайы уәде-3" деп аталатын жауап операциясын бастады, деп жазады stan.kz.

Иран билігі операцияны агрессивті әрекетке жауап ретінде бастағанын мәлімдеді.

"Агрессивті әрекеттерге жауап ретінде... Иран халқының қорғаныс күші ретінде Алланың құдіретіне, Жоғарғы Бас Қолбасшының (Алла оны қорғасын) дана басшылығына және Иранның асыл халқының бірауыздан қолдауына сүйеніп, "Шынайы уәде-3" операциясын бастады", – делінген хабарламада.

Иран жауап операциясы кезінде Израильге қарай 300-ге жуық баллистикалық зымыран ұшырып, оның тоғызы құлады. Иран зымырандары Израиль қорғаныс министрлігінің ғимаратына екі рет тиді.

Иран армиясы да Израильдің екі F-16 ұшағы мен бірнеше ұшқышсыз ұшақтың жойылғанын растады. Tasnim агенттігінің хабарлауынша, ирандық әскерилер құлаған Израиль ұшағының әйел ұшқышын тұтқындаған. Axios мәліметінше, АҚШ әскери күштері Иранның зымырандық шабуылын тойтаруға атсалысып жатыр.

Иранның соққысынан 40-қа жуық адам зардап шекті, оның екеуі ауыр жарақат алды. Желіде Иран зымыранының Тель-Авивтегі ғимаратқа тікелей тигені туралы видео пайда болды.

Әлем назарында

Израиль премьер-министрі Нетаньях Иран халқына үндеу жасап, оларды билікке қарсы шығуға шақырды.

"Дәл қазір ең жақсы уақыт. Халық әрекет етуі керек", – деді ол.

Израиль министрлер кабинеті жауап қайтару шараларын талқылап жатыр. Ал Ресейдің тұрақты өкілі Василий Небензя Израильдің әрекетін қатаң айыптады:

"Бұл БҰҰ жарғысын өрескел бұзу. Израильдің Иранға шабуылы аймақты ядролық апатқа итермелеп отыр", – деді олар.

Ал түрік заңгері Сердар Тоқдемирдің айтуынша, Израильдің Иранға жасаған әуе шабуылдары үшінші дүниежүзілік соғыстың басталғанын білдіреді.

“Израильдің бұл операциясы – бүкіл аймақты қамтитын ауқымды шабуыл. Басталған қақтығыс жүйелілігімен, көпқырлылығымен және жоспарлы сипатымен ерекшеленеді. Иранға жасалған шабуыл – жай ғана бір мемлекетке қарсы агрессиялық әрекет емес, бүкіл аймаққа, оның өркениеті мен болашағына бағытталған соққы”, – деді заңгер.

Иранның БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Амир Саид Иравани Израильдің Иранға қарсы әрекеттерін соғыс жариялаумен тең деп мәлімдеді.

"Бұл зұлымдық – мемлекеттік терроризмнің айқын көрінісі әрі халықаралық құқықты өрескел бұзу", – деді Иравани.

Оның айтуынша, Израильдің соққылары салдарынан Иранда 78 адам қаза тауып, 320-дан астам адам жарақат алған.

Қазақстанның жауабы

Қазақстан Таяу Шығыстағы аспанды жапты. Енді ешбір ұшақ Иран мен Израильдің үстінен ұшпайды. Азаматтық авиация комитеті қазақстандық әуе компанияларына Иран, Израиль, Сирия, Ирак, Ливан және Иордания арқылы ұшуға толық тыйым салды.

“Бұл барлық рейстерге қатысты. Оған аймақтағы жағдайдың күрт нашарлауы себеп. Тіпті әскери аймақтың жанында ұшуға да тыйым салынады. Бұйрық дереу күшіне енеді және орындалуы міндетті", – делінген хабарламада.

Авиация комитеті жағдай өзгерсе, шараларды қайта қарауға уәде берді.