Марафонның ашылу салтанатына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.
ERNUR.KZ. Республика күніне орай Түркістан қаласында бесінші рет Turkistan Marathon халықаралық жүгіру жарысы өтті. Әлемнің 26 елінен 3 мыңнан астам қатысушы жиналды. Ауқымды спорттық шараны «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қоры облыс әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырып отыр.
Марафонның ашылу салтанатына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі. Облыс әкімінің орынбасары халықаралық жарыстың бұқаралық спортты дамытуға, қаланың туристік әлеуетін арттыруға және жергілікті экономиканың дамуына серпін беретінін атап өтті.
“ «Turkistan Marathon-2026» марафонының қасиетті Түркістан қаласында өтуінің маңызы ерекше. Биыл бесінші рет ұйымдастырылып отырған марафон – спорт мерекесі ғана емес, достық пен бірлікті нығайтып, табандылыққа жігерлендіретін, ортақ мақсат жолында адамдарды біріктіретін маңызды іс-шара. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елімізде дене шынықтыру мен спортты дамытуға, сондай-ақ дені сау, күшті әрі физикалық тұрғыдан дамыған жас ұрпақты тәрбиелеуге ерекше көңіл бөліп келеді. Бұл бағытта Түркістан облысында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Түркістан – тарихы терең, рухы биік, түркі дүниесіне ортақ қасиетті шаһар. Біз көне қаламызды руханият пен мәдениеттің ғана емес, халықаралық спорт пен белсенді өмір салтының да орталығына айналдыруды көздейміз. Бүгінгі марафон осы мақсатқа бастайтын жарқын қадамдардың бірі. Әрқайсыңыздың Түркістаннан ерекше әсер алып, жүректеріңізге қуат, көңілдеріңізге шаттық ұялататынына сенімдімін. Баршаңызға сәттілік, мықты денсаулық, сарқылмас жігер тілеймін! Түркістан марафоны – 2026 баршаңызға жеңіс пен шабыт сыйласын!” – деді Ертай Кенжебекұлы.
Марафонның сөресі мен мәресі Karavan Saray кешенінің маңында орналасқан. Қатысушылар Бекзат Саттарханов даңғылы бойымен әуежай бағытына қарай жүгіріп, белгіленген маршрут бойынша кері қайтады.
Жарыс бағдарламасына бес қашықтық енгізілген. Атап айтқанда, 42,2 шақырымдық марафон, 21,1 шақырымдық жартылай марафон, 10 шақырымдық жүгіру, 10 шақырымдық скандинавиялық жүріс және 10–14 жас аралығындағы балаларға арналған 3 шақырымдық жарыс ұйымдастырылды.
Turkistan Marathon жыл сайын еліміздің түрлі өңірлерінен және шетелдерден келген спортшыларды біріктіріп, халықаралық деңгейдегі спорттық дәстүрді қалыптастырып келеді. 2025 жылы жарысқа 3 мың жүгіруші қатысқан. Олардың 1 968-і Қазақстанның басқа өңірлерінен, 368-і шетелден келген.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, марафонның туристік және экономикалық әлеуеті де жоғары. Жүгірушілермен бірге қалаға олардың туыстары мен достары келеді. Зерттеу нәтижесіне сәйкес, әр қатысушыға орта есеппен 1,6 еріп жүрушіден келеді. 2025 жылы олардың жалпы саны шамамен 4 мың адамға жеткен.
Марафонға қатысушылар спорттық жарыспен қатар Түркістанның тарихи-мәдени мұрасымен танысуға мүмкіндік алады. Қаладағы басты туристік нысандардың бірі – ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілген Қожа Ахмет Ясауи кесенесі. Осылайша, Turkistan Marathon спорт пен туризмді ұштастырып, өңірдің туристік тартымдылығын арттыруға ықпал етеді.
Айта кетейік, Turkistan Marathon Халықаралық марафондар мен жүгіру жарыстары қауымдастығының (AIMS) күнтізбесіне енгізілген. Жарыс трассасы World Athletics стандарттарына сәйкес сертификатталған. Сонымен қатар марафон Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Әзірбайжан елдерінің жарыстарын біріктіретін TAN (Turkic Alliance of Long Runs) халықаралық сериясының құрамына кіреді.


