Иран соғысты тоқтатудың 3 шартын жариялады

0
100

Хаменеидің әскери кеңесшісі сұхбат берді.


Иран соғысты тоқтатудың 3 шартын жариялады

Фото: Sputnik / Виталий Невар

ERNUR.KZ. Иранның Жоғары Көшбасшысы Моджтаба Хаменеидің әскери кеңесшісі, Ислам революциясы Сақшылар корпусының бұрынғы қолбасшысы және Мақсаттылық кеңесінің мүшесі Мохсен Резаи Иранда соғысты тоқтатудың үш шартын жария етті, деп жазады inbusiness.kz.

Report агенттігінің хабарлауынша, Мохсен Резаи IRINN – Иранның мемлекеттік телерадиокорпорациясының ақпараттық желісі арнасына сұхбат берген. Оның айтуынша, соғыс үш талап орындалмайынша жалғасады. Біріншіден, Иранға келтірілген барлық залал толық өтелуі керек. Екіншіден, елге қатысты барлық экономикалық санкция алынып тасталуы тиіс. Үшіншіден, АҚШ Иранның ішкі ісіне араласпайтынына нақты кепілдік беруі қажет.

"Бұл – біздің халқымыздың, көшбасшымыздың және қарулы күштердің шешімі", – деді Мохсен Резаи.

Айтуынша, АҚШ 47 жыл бойы Иран экономикасын әлсіретіп, елдің дамуына кедергі келтірді. Резаи соғысушы тарап Иранды бес бөлікке бөлгісі келетінін де атап өтті.

"АҚШ Бушер, Хузестан және Илам провинцияларын Венесуэла сияқты мұнай қорларымен бірге иемденгісі келеді", – деді Жоғары Көшбасшысының әскери кеңесшісі.

Айта кету керек, 28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иранға қарсы әскери операция бастап, бірқатар қалаға әуе соққысын жасады. Иран қарымта жауап ретінде Израиль аумағына зымыран жіберіп, Парсы шығанағындағы АҚШ әскери базаларын нысанаға алған. Осы жағдайға байланысты өңірдегі бірнеше мемлекет әуе кеңістігін уақытша жапты. Сол күні жасалған соққылардың салдарынан Иранның Жоғары көсемі Әли Хаменеи қаза тапты.