Қар көшкіні: Ресейде екі адам қаза тауып, 10-ы жоғалып кетті

0
73

Мижирги тауының баурайынан қар көшкіні түскені туралы хабар 6 қыркүйекте түскен.


Қар көшкіні: Ресейде екі адам қаза тауып, 10-ы жоғалып кетті

Фото: vk.ru/mchskbr

ERNUR.KZ. Ресейдің Кабардин-Балқар Республикасындағы Безенги шатқалында қар көшкіні жүріп, 15 альпинистен тұратын топты басып қалды. Екі адам қаза тапты, үшеуі эвакуацияланды. Тағы он альпинистің тағдыры әзірге белгісіз, деп жазады inform.kz.

Мижирги тауының баурайынан қар көшкіні түскені туралы хабар 6 қыркүйекте түскен. Қар массасы белгіленген бағыт бойынша жүріп келе жатқан альпинистер тобын басып қалған.

Алдын ала мәлімет бойынша, екі адам қаза тауып, үшеуі зардап шеккен. Тағы он адам қар көшкінінің астында қалған.

Оқиға орнына Ресей Төтенше жағдайлар министрлігінің Эльбрус биік таулы іздеу-құтқару жасағының құтқарушылары мен ведомствоның өңірлік басқармасының жедел тобы жіберілді.

6 қыркүйек кешіндегі жағдай бойынша құтқарушылар Ми-8 тікұшағының көмегімен үш зардап шеккен адамды Нальчик қаласына эвакуациялап, оларды Апаттар медицинасы орталығының қызметкерлеріне тапсырды. Екі адамның қаза тапқаны расталды. Тағы он альпинистің тағдыры әзірге белгісіз.

Іздеу-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Оған жетуі қиын жер бедері мен сақталып отырған қар көшкіні қаупі кедергі келтіріп отыр.

Іздеу жұмыстарына Ресей Төтенше жағдайлар министрлігінің қосымша 25 қызметкері және Кабардин-Балқар Республикасының өртке қарсы-құтқару қызметінің алты құтқарушысы тартылмақ. 7 қыркүйекте күн жарығы түскен соң Ми-8 тікұшағын қайта іске қосу жоспарланып отыр.

Еске сала кетсек, биыл 19 шілдеде Кабардин-Балқар Республикасында Эльбрусқа көтеріліп бара жатқан 11 жастағы бала қаза тауып, оның әкесі ауыр жарақат алған.

Кейін Эльбруста бір тәулік ішінде алты альпинист қаза тапты. Олардың бесеуі жеті адамнан құралған топ құрамында тауға көтерілген Босния және Герцеговина азаматтары болса, тағы бірі басқа топтың құрамындағы ресейлік альпинист болған.