Аталған шара екі елдің мемлекеттік сектор өкілдері мен бизнес өкілдерінің қызығушылығын тудырды
ERNUR.KZ. Астанада Қазақстан мен Ауғанстан бизнесмендері ынтымақтастық жөнінде келісім жасады, деп хабарлайды ERNUR.KZ ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Астанада ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің қолдауымен Ауғанстанның Өнеркәсіп және сауда министрі Хумаюн Расав бастаған ауғандық бизнесмендердің ірі делегациясының қатысуымен кездесу өтті.
Аталған шараға Ауғанстан мен Қазақстанның бизнес орталарының 40-тан астам өкілдері, сондай-ақ Kazakh Invest, Kazakh Export, «ҚТЖ», «Қазгеология» секілді ҚР ұлттық компанияларының басшылығы және Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының өкілдері қатысты.
Сапар аясында ҚР инвестициялар мен даму вице-министрі Арыстан Қабыкенов ауған делегациясымен кездесіп, қазақстандық және ауған бизнес өкілдерінің арасында B2B кездесулері өтті.
Сондай-ақ, тараптар түрлі салалардағы, атап айтқанда сауда-саттық және инвестициялар, ауыл шаруашылығы, жер және әуе көлігі, сондай-ақ геология және минералды ресурстар салаларындағы Қазақстан-Ауғанстан қатынастарының қазіргі жағдайы мен даму келешегін талқылады.
Сонымен қатар, Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының алаңында ауыл шаруашылығы, көлік және логистика секілді салалардағы Қазақстанның шағын және орта бизнес өкілдерімен кездесулер ұйымдастырылды.
Аталған шара екі елдің мемлекеттік сектор өкілдері мен бизнес өкілдерінің қызығушылығын тудырды. Осылайша, сауда-экономикалық қатынастардың негізгі тақырыптары талқыланып, шара қорытындысы бойынша делегациялардың басшылары Конференцияның келісілген хаттамасына қол қойды.
Айта кетейік, Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы тауар айналымы 2018 жылдың қаңтар-сәуір айларында $180,2 млн. құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 19,3%-ға жоғары көрсеткіш ($151,1 млн).